Шымкентте ақылды жаяу жүргіншілер жолы орнатыла бастады. Мұндай «ерекше» жолақ пилоттық жоба ретінде инвесторлар есебінен жүргізіліп отыр, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Мұндай жоба жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған, деп жазады қала әкімінің орынбасары әлеуметтік желідегі парақшасында.
– Жангелдин көшесінің бойына орнатылған «ақылды жаяу жүргіншілер жолы» - жолды жоғарыдан жарықтандырып, арнайы белгілермен қамтитын проекциялық аппарат. Мұндай жарқын проекциялық жаяу жүргіншілер өткелі әдеттегі жолдан әлдеқайда артықшылықтарға ие. Мәселен, проекция жаяу жүргіншіні жарықтандырып, оны қараңғыда да алыстан айқын көрсетеді және ауа-райы мен көлік түрін талғамайды. Мұндай жобалар арқылы инвесторларды қызықтырып, қаламызды одан да қауіпсіз, көрікті мегаполиске айналдырамыз, - делінген Мақсұт Пернебайұлының «Facebook» парақшасында.
Бұған дейін пилоттық жоба Сыпырған Ата көшесі мен Әл-Фараби көшесінің қиылысы, Темірлан тас жолындағы «Satti zhol» жанар-жағармай бекетінің маңына да орнатылған болатын.