Жоспарлы жөндеу жұмыстарынан кейін қайта іске қосылған Шымкент мұнай өңдеу зауыты тәулігіне 17 700 тонна мұнайды өңдеп, өнімнің барлығын ішкі нарыққа шығарып жатыр.
Бұл туралы бұқаралық ақпарат құралдарына арнайы сұхбат берген «ПетроКазахстан Ойл Продактс» ЖШС-інің техникалық директоры Бақыт Ерегенов мәлімдеді.
– Шымкент мұнай өңдеу зауытында 15 наурыз бен 8 сәуір аралығында жоспарлы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы мерзім аралығында отандық нарықта дизель отыны мен сұйытылған газ тапшылығы байқалды. Жағдайды ескере отырып, зауыттағы жөндеу жұмыстарын барынша жылдам жүргізуге күш салдық. Осылайша, белгіленген мерзімнен 1 күн бұрын жұмысты аяқтап шықтық. Қазір зауыт толық қуаттылығымен жұмыс істеп тұр, тәулігіне 17 700 тонна мұнай өңделуде, – деді Б.Ерегенов.
Техникалық директордың айтуынша, зауытта тәулігіне 6 200 тонна – бензин, 5 600 тонна – дизель отыны, 1 150 тонна – авиакеросин және 820 тонна сұйытылған газ шығарылады.
Жалпы, зауытта сәуір айының соңына дейін 366 мың тонна мұнай өңдеу жоспарланып отыр. Бұл елдегі жанар-жағармай және сұйытылған газ тапшылығын азайтуға мүмкіндік береді.