Шымкент қаласының төтенше жағдайлар департаментінде «Крещение Господне» православ діни мерекесінде судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша брифинг өтті. Жиында қалалық ТЖ департаменті Азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Нұржан Қаракөзев, Свято-Никольский кафедралды собор приходының Шымкент Епархиясының дін қызметкері Александр Могилевский сөз сөйледі.
– 2022 жылдың 18 және 19 қаңтарында православ діни мерекесі кезінде, азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында Шымкент қаласы ТЖ департаментінің 16 қызметкері мен 2 арнайы қызметтік автокөлік күшейтілген қызмет тәртібіне ауыстырылады. Әр қатысушыға алдын ала нұсқамалар таныстырылады. Шомылардың алдында бұлшық еттерді жақсылап қыздырып алу қажет, судан шыққан соң бірден сүртініп, жылы киіну керек. Ішімдік ішпеген жөн, – деді Нұржан Қаракөзов.
Ал шіркеу қызметкері елдегі төтенше жағдайға байланысты шомылу рәсімі 18 қаңтар күнгі сағат 13:00-ден сағат 22:00-ге дейін, ал 19 қаңтар күні сағат 08:00-ден 22.00-ге дейін Қошқар ата өзенінде өткізуге болатынын жеткізді. Төтенше және қайғылы жағдайды болдырмау үшін жедел-құтқару жасағының тәжірибелі сүңгуірлері суға түсушілерге қатаң бақылау жасайды.