Шымкент қаласындағы Саз колледжінің есеп беру концерті өтті. Талантты шәкірттерден құралған шығармашылық кеш колледждің 65 жылдық мерейтойына арналды.
Саз колледжі – музыка мамандарын, өнерпаздарды дайындауда республика бойынша алдыңғы қатардағы оқу орындарының бірі. Білім ордасының тарихы бай және өзіндік дәстүрі қалыптасқан. Шымкент Саз колледжін тәмамдаған түлектердің қатарында Қазақстанның Халық әртістері – Лаки Кесоглу, Нұржамал Үсенбаева және қазақ эстрадасының жарқын жұлдыздары – Бауыржан Исаев пен Сейфуллин Жолбарыс секілді азаматтар бар.
–Қазақ халқы ежелден-ақ өнерге, соның ішінде саз өнеріне ерекше көңіл бөліп, ден қойған. Ұлы Абай атамыз «Туғанда дүние есігін ашады өлең, өлеңмен жер қойнына кірер денең» деп айтып кеткен. Осының ішінде адам өмірінде өлеңнің, саздың, музыканың алатын орны ерекше екенін көрсетсе керек. Себебі, адам туғанда бесік жырын тыңдайтын болса, қыз ұзатылғанда айтылатын сыңсуы бар. Мұның барлығы біздің қазақтың дарынды, өнерлі, өркениетке үлес қосқан мәдениетті халық екенін көрсетеді. Саз колледжінің ұстаздары қаншама даңқты түлекті тәрбиелеп шығарды. Осыған қарап, колледж жұмысының жемісті екенін көрсетеді. Өнер жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан ұстаздар қауымын, студенттер мен түлектерін бүгінгі төл мерекесімен құттықтаймын. Барлығына шығармашылық табыс тілеймін, – деді Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек.
Концертте қазақстандық және шетелдік композиторлардың классикалық және заманауи шығармалары орындалды.Қазақ халық аспаптар оркестрі, үрмелі аспаптар, эстрадалық-джаз Биг-Бэнд, камералық Ішекті оркестрі, эстрадалық-симфониялық оркестрі, вокалистер, хор, «Шамсинур»халық би ансамблі өз өнерлерін көрсетіп, халықтың ыстық ықыласына бөленді. Шымкент Саз колледжінің ұжымы өз тарихында жоғары кәсіби шеберлігін көрсетіп, еліміздің өсіп келе жатқан шығармашылық интелегенциясын дамытуға қосқан үлесін көрсетті.