Құрлық әскерлерінің 2021 жылға арналған жауынгерлік даярлық жоспарына сәйкес генерал-майор Александр Ашировтың төрағалығымен Бас штаб комиссиясы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының әскери бөлімдерінің бірінде жауынгерлік әзірлік жағдайына кенеттен тексеру жүргізді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бір аптаға созылған тексеріс барысында әрбір әскери қызметші атыс, мемлекеттік-құқықтық, медициналық, дене шынықтыру және оқыту пәндерінен тест тапсырды.
Тексерудің мақсаты – әскери қызметшілердің әскери білім деңгейін тексеру. Іскерліктері мен дағдыларының сапасын зерделеу.
- Бүгінгі таңда кенеттен тексеру – бөлімнің шынайы жауынгерлік дайындығын анықтаудың ең тиімді тәсілі. Жауынгерлік әзірлікті кенеттен тексеру кезінде бөлімшелердің іс-қимылдарын үйлестіру, әрбір жауынгердің өз борышын түсінуі және жүктелген міндеттемелерді шебер орындауы ерекше назар аудартады, - деді коммиссия төрағасы, генерал-майор Александр Аширов.
Тексеру нәтижелері бойынша, күрделі ауа райына қарамастан, қойылған тапсырмалар толығымен орындалды. Әскери бөлімнің жеке құрамына «жақсы» деген баға қойылды.
Фото: Мақсат Жақсыбек