Шымкентте некеге тұрған адамдар тікелей АХАТ-та неке қию рәсімін салтанатты түрде өткізе алады. Салтанатты шараларды өткізу үшін зал барлық қажетті заттармен жабдықталған. Сондай-ақ қалыңдық пен күйеу жігітке арналған бөлме бар.
Бұл жерде неке қиюдан бөлек, отбасылық өмірдің барлық жарқын сәттерін, мерейтойларын атап өтуге болады. Баланың алғашқы құжаты, яғни туу туралы куәлігін де салтанатты түрде алуға мүмкіндік бар. Мерейлі іс-шаралар мен салтанатты рәсімдерді АХАТ қызметкері өткізеді. Бұдан бөлек жеке фотоаймақ қарастырылған.
«Жас жұбайлар әрқашан нағыз мерекені-қонақтармен, фуршетпен, фото және бейнетүсіріліммен өткізгенді қалайды. Біз әр оқиғаны мүмкіндігінше жарқын және есте қаларлықтай атап өтуге тырысамыз. Сондай-ақ, неке қиюды салтанатты түрде рәсімдеу үшін барып тіркеу қызметі де қарастырылған. Бұл қызмет ақылы түрде көрсетіледі. Рәсімге ақы төлеу прейскурант бойынша жүзеге асырылады», - деді АХАТ басқарма басшысы Ақбота Карнакбаева.
Жас жұбайларға ыңғайлы болу үшін некені тіркеуге өтініш берудің бірнеше нұсқасы қарастырылған: тікелей АХАТ-та, электронды үкімет порталы және екінші деңгейлі банк қосымшалары арқылы өтініш беру мүмкіндігі бар. Некені тіркеу туралы өтінішті АХАТ бөліміне 15 күн бұрын тапсыру қажет.
«Азаматтарға арналған үкімет» филиалының мәліметінше, 2024 жылдың басынан Шымкент қаласында 6 мыңға жуық неке және 22 мыңнан астам туу туралы куәлік тіркелген. Естеріңізге сала кетейік, АХАТ қызметі Мемлекеттік корпорацияға 2023 жылдың 1 шілдесінде берілген болатын.
Анықтама:
АХАЖ бөлімінің мекенжайы, Асар-2, «Tolebi» СО
Жұмыс кестесі: дс-жм – 09:00-ден 18:00-ге дейін үзіліссіз.