Бүгінгі ҚР Парламенті мәжілісі және мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауына жас жұбайлар да атсалысып, белсенділік танытып отыр. Әл-Фараби ауданының тұрғыны Бақыт Серікұлы №46 жалпы орта мектепте орналасқан №148 сайлау учаскесіне жарымен келді.
— Қазақта «Отбасы — шағын мемлекет» деген ұғым бар. Мен осы сөзді ерекше ұстанамын. Себебі, әрбір шаңырақта отбасы құндылықтары сақталса, миллиондаған отбасынан құралған мемлекеттің де әлеуметтік-экономикалық ахуалы артары сөзсіз. Сондықтан біз де бүгін еліміздің дамуын айқындайтын саяси науқанға келіп, өз таңдауымызды жасап отырмыз. Жас отбасы ретінде үйдегі үлкендердің кеңесіне жүгініп, кез келген істе оңтайлы шешім қабылдауға тырысамыз, - дейді Б.Адырбек.
Бақыт Серікұлы өткен жылы қазан айында шаңырақ көтеріпті. Жары Жанна Айдарбек — қаладағы №1 оңалту орталығының психологы, ал Бақыт — жеке кәсіпкер.
Айта кетейік, Шымкент қаласындағы 5 аудан бойынша 330 сайлау учаскесіне 639 663 сайлаушы тіркелген. Сайлаушылар тұрғылықты мекенжайы бойынша кешкі сағат 20.00-ге дейін дауыс бере алады.