Бүгін «Шымкент жастар лигасы» жобасының ашылу салтанаты өтті. Оған қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан және жоба ұйымдастырушылары мен мектеп оқушылары қатысты, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Жобаның ашылу салтанатында алғашқылардың бірі болып сөз алған қала әкімінің бірінші орынбасары іс-шарға жиылған қауымды бүгінгі Алғыс айту күнімен құтықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– «Шымкент жастар лигасы» – қаламызда бірінші рет өткелі отыр. Жобада бірінші кезекте жоғарғы сынып оқушылары арасында спорт түрлерінен сайыс өтеді. Одан кейін колледж, университет студенттерін қатыстыру жоспарда бар. Жоба жеңімпаздарына 20 миллион теңге қаржылай сыйақы беріледі. Егер өз мектептеріңізге 20 миллион теңге сыйласаңыздар – ол оқу ордаларыңыз үшін үлкен жетістік, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Жобаның мақсаты – мектеп оқушыларының бос уақытын ұйымдастыру, спортпен шұғылдану арқылы олардың бойындағы ерік-жігірін, табандылығын қалыптастыру. Осы мақсатта барлық мектептерден футбол, баскетбол, волейбол, шахмат түрлерінен лигалар және оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылады. Әрбір команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталды.
Жобаға қала бойынша 140 мектептің жоғары сынып оқушылары қатысады. Олар 4 спорт түрінен (футбол, волейбол және баскетбол, шахмат) бақсынасатын болады.
Бүгін ашылу салтанатында мектеп командалары арасында жеребе тасталып, ойын кестесі анықталды.
Жарыс қорытындысы бойынша спорт түрлерінен І, ІІ, ІІІ орын алған командалар диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталады. Сонымен қатар, «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші», «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.
Дайындаған: Назерке Бимахан
Фото: Нұрлан Алтынбеков