«Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылады

«Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылады

Шымкент қаласы әкімдігінің бастамасымен ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай «Шымкент жастар лигасы» жобасы ұйымдастырылады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Бұл жоба мерейлі мереке аясында елімізде бекітілген ақпан айы – спорт айында бастау алып отыр. Бұл туралы Ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз мәжілісінде белгілі болды.

ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай ұйымдастырылып жатқан бұл жоба мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді өткізу, спортпен шұғылдану арқылы олардың ерік пен табандылығын қалыптастыру және Қазақстан Республикасының чемпионаттарына команда жасақтау мақсатында өткізіледі. Осы мақсатта барлық мектептен футбол (ұлдар арасында), баскетбол (ұлдар арасында), волейбол (қыздар арасында), шахмат (ұлдар, қыздар арасында) түрлерінен лигалар және оларды қолдау бойынша фан-клубтар құрылады. Әрбір команданың атауы, ұраны, эмблемасы және команданың бірыңғай киім үлгісі жасақталады, – деді Шымкент қаласының «Жастар ресурстық орталығы» КММ басшысы Ерлан Айтбаев.

Шымкент қалалық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасы бұқаралық спорт жəне инфрақұрылым бөлімінің басшысы Мұхтар Төлегенұлының айтуынша, Лига 2021 жылдың наурыз-маусым айлары аралығында 2 кезеңде өткізіледі. Бірінші кезең наурыз-мамыр айлары аралығында әр ауданның мектеп командалары арасында 4 топқа бөлініп өтеді. Нәтижесінде, әрбір спорт түрінен Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарынан қалалық жарысқа 16 командаға жолдама беріледі. Ал ІІ кезеңде 16 команда арасында 1/8 финалдан бастап, 1/4 финал, 1/2 финал, финалдық ойындармен жеңімпаз командалар анықталады.

«Шымкент жастар лигасының» жалпы жүлде қоры 100 млн теңгені құрайды. Бас жүлдеге 20 млн теңге беріледі. Бұл ретте Шымкент қалалық Білім басқармасы басшысы Жанат Тәжиеваның сөзінше, сыйақы жеңімпаз білім ұясына үлестіріледі. Оған қоса жүлделі орындардан бөлек, спорт түрлерінен «Үздік қақпашы», «Үздік қорғаушы», «Үздік ойыншы», «Үздік жетекші», «Үздік жанкүйер», «Үздік фан-клубы» «Үздік тәрбиеші» және «Үздік білім беру мекемесі» номинацияларының жеңімпаздарына дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталады.

Айта кетейік, команда құрамы 9-10-11 сыныптардан құралады. Ал шахмат сайысына барлық сыныптың оқушылары қатыса алады. Аталған лига әділ өтуі үшін Шымкент қалалық Дене шынықтыру жəне спорт басқармасы тарапынан білікті төрешілер бекітіледі.