Шымкентте өткен жылы мал шаруашылығы саласы 21,9 млрд. теңгені құрап, 47 мың тонна сүт өндірілген, деп хабарлайды Shymkentaqparat қала әкімдігінің Баспасөз қызметіне сілтеме жасап
Бұл көрсеткіш жергілікті мал шаруашылығымен айналысатын мамандарға мемлекет тарапынын білдірілген қолдаудың арқасы. Осындай мембағдарламалар аясында өрісін өркендеткен қожалықтың бірі – «Зертас» сүт фермасы. Ол қалаға қарасты Абдуллабад тұрғын алабында орналасқан.
Асыл тұқымды сүт бағытындағы шаруашылық өз жұмысын 2019 жылы бастаған.
Екі жыл бұрын Австрия мемлекетінен 128 бас сүтті-етті бағыттағы асыл тұқымды (Симменталь) сиыр алып келінсе, қазір ірі қараның саны 317-ге жеткен.
Аумағы 2,2 гектарды құрайтын шаруақожалықмал азығын дайындауға арналған арнайы заманауи құрылғылармен, ауыл шаруашылылық техникаларымен қамтылған.
Мұнда әр бастан тәулігіне орташа есеппен 22 литр сүт алынып, жылына өндірілетін сүттің көлемі 1 000 тоннадан асады.
Айта кетейік, 2020 жылы шаруашылыққа мемлекет тарапынан 15,4 млн. теңге субсидия бөлініп, қолдау көрсетілген. Алдағы уақытта «Зертас» сүт фермасы мал басының санын арттыру үшін қосымша қора-жай құрылысын жүргізіп, сүт өнімінің көлемін көбейтуді және халықты табиғи әрі сапалы сүт өнімімен қаматамасыз етуді жоспарлап отыр.