Шымкентте мемлекеттік бағдарламалар аясында қала тұрғындарын баспанамен қамту жұмыстары кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді. Жыл соңына дейін 324 арендалық пәтер түрлі санаттағы азаматтарға, 888 пәтер жұмыс істеп жүрген жастарға, 1919 пәтер несиелік негізде берілу жоспарлаған. Оның ішінде, жыл басынан бері тұрғын үй кезегінде тіркелген 1293 азамат ипотекалық негізде «Отбасы банк» арқылы баспаналы болды. Яғни, 1047 пәтер «5-20-25» бағдарламасымен, 246 пәтер «2-10-20 Бақытты отбасы» бағдарламасымен берілді.
Бұдан бөлек, биыл өңірлік Qamqo бағдарламасы алғаш рет іске асқалы отыр. Бұл бағдарлама ең алдымен тұрғын үй кезегі санаттарына енбейтін сала мамандарына арналған бағдарлама. Аталған бағдарлама шымкенттік мамандардың тұрғын үй мәселесін шешуге көмектеседі. Оған дәрігерлер, медбикелер, санитарлар, педагогтар, тәрбиешілер, ЖОО және колледж оқытушылары, ғылыми қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының қызметкерлері, журналистер, энергетика саласының және «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КЕАҚ филиалының қызметкерлері, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері қатыса алады.