Шымкент қаласында «Тәуелсіздік идеясы және қазақ баспасөзі» атты форум ұйымдастырылды. Іс-шара Қазақстанның Егемендігі туралы декларацияның қабылданғанына 35 жыл толуына және алдағы Тәуелсіздіктің 35 жылдығына арналды.
Форумның басты мақсаты – тәуелсіздік идеясының қалыптасуындағы қазақ баспасөзінің тарихи рөлін саралау, қазіргі ақпараттық кеңістіктегі ұлттық мүдде мен ақпараттық тәуелсіздік мәселелерін талқылау. Әсіресе, тәуелсіздік жылдарымен қатар дамып келе жатқан «Шымкент келбеті» және «Панорама Шымкента» газеттерінің қоғам санасын қалыптастырудағы қызметіне ерекше назар аударылды.
Іс-шара барысында қазақ баспасөзінің әр кезеңде ұлттық сана мен азаттық идеясын насихаттаудағы миссиясы сөз болды. Жаһандану жағдайында ақпараттық және рухани экспансия күшейген кезеңде ұлттық құндылықтарды сақтау мен дамытуда баспасөздің жауапкершілігі арта түскені атап өтілді.
Форум бағдарламасына сәйкес, қатысушылар алдымен «Шымқала “Шымкент келбеті” фототілшілерінің көзімен» атты фотокөрмені тамашалады. Форумды «Оңтүстік» телеарнасының директоры, Қазақстан Журналистер одағы Шымкент қалалық филиалының төрағасы Саламат Омаш жүргізді.
Ресми бөлімде «Оңтүстік» телеарнасы дайындаған мерейтойлық бейнеролик көрсетіліп, қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек құттықтау сөз сөйледі. Сонымен қатар, “Шымкент ақпарат орталығының” бірқатар қызметкерлері марапатталды.
Негізгі баяндамалар бөлімінде «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС директорының кеңесшісі Бақтияр Тайжан «Шымкент келбеті» – ұлттық құндылықтар мен азаттық рухын дәріптеуге қызмет еткен басылым» тақырыбында баяндама жасап, газеттің тәуелсіздік жылдарындағы тарихи миссиясына тоқталды.
Сондай-ақ, «Қазақ газеттері» ЖШС Бас директорының орынбасары Қамбар Ахмет «Шымкент келбеті» – аймақтық ақпарат кеңістігіндегі тәуелсіз ойдың тынысы» тақырыбында баяндама жасады. Бұдан бөлек, Қазақстанның құрметті журналисі Асхан Майлыбаева да форум аясында өз баяндамасын ұсынды.
Форум сұрақ-жауап және қорытынды пікірлермен жалғасып, концерттік бағдарламамен түйінделді. Іс-шара қазақ баспасөзінің қоғамдағы орны мен тәуелсіздік идеясының маңызын тағы бір мәрте айқындады.