Шымкентке келген туристер ерекше сыйға кенелді

Шымкентке келген туристер ерекше сыйға кенелді

«Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығы жыл басында ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесіне орай қалаға келген қонақтарға ұлттық кәдесыйлар тарту етті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Теміржол вокзалы мен әуежайға келіп түскен қонақтарға мегаполистің туристік логотипіне айналған қызғалдақтар мен түрлі пішіндегі магниткалар үлестірілді.

– Қызғалдақтың отаны – біздің өңіріміз. Сондықтан осы гүлді брендімізге айналдырып, әлем қызғалдақ арқылы Шымқаланы танып-білсе деген мақсатымыз бар. Сондай-ақ, бүкіл әлемнің туристеріне тән дәстүр – өздері саяхаттаған елдімекен бейнесіндегі кәдесыйларды жинау. Еліне қайтқан қонақтар Шымкентке қайта оралатындай әсер қалдыру мақсатында «30 туриске – 30 сыйлық» акциясын қолға алдық. Алдағы уақытта акцияға ұлттық болмысымызды айшықтайтын жергілікті кәсіпорындардың өнімдерін ұсынуды жоспарлап отырмыз, – дейді «Shymkent Tourism Center» ақпараттық орталығының жетекшісі Айдаралы Раманов.

Шымкент үшін әр турист маңызды. Ақпараттық орталық қаланың оң имиджін тек ел ішінде ғана емес, шетелге танытуға серпін беретін мұндай бастамаларды тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр.