Шымкентте 105 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Шымкентте 105 жастағы соғыс ардагеріне құрмет көрсетілді

Бүгін Шымкент қаласының қорғаныс істері департаменті мен шаһардағы әскери бөлімдердің сарбаздары Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күні мерекесімен құттықтап, қарт майдангерлерге құрмет көрсетті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Атап айтқанда, департамент басшысы полковник Алмаз Тілеуханов 105 жастағы соғыс ардагері Негмат Гареевтің шаңырағына барып, оған Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің арнайы Алғыс хатын салтанатты жағдайда табыстады.

— Сіздер майданда дұшпанмен жан аямай шайқасып, ерлік пен отаншылдықтың керемет үлгісін көрсеттіңіздер. Бұл - бүгінгі жас сарбаздар үшін тамаша үлгі-өнеге дер едім. Сізге Ұлы Жеңіс пен бүгінгі бейбітшілік заман үшін алғысымыз шексіз, — деді Алмаз Тілеуханұлы.

Сондай-ақ, Н.Гареевті Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Алдияр Мұсабаев та құттықтап, қала әкімінің Алғыс хатын тапсырды.

Айта кетейік, Негмат Гареев 1938 жылы 22 жасында кеңес әскеріне алынған. 1941 жылы алғашқылардың өатарында майданға аттанып, жаяу әскер ретінде алғы шепте шайқасқан. Ауыр жараланып, елге қайтқанымен арада бір жыл өтпей майданға қайта шақырылып, әйгілі 202 атқыштар девизиясының қатарына қосылған. Курск түбіндегі шайқастан бастан бастап Германияға дейін жетіп барған. Жеңіске бірнеше күн қалғанда екінші рет ауыр жараланып, 9 мамырды госпиталда қарсы алыпты.

Туған жері Уфаға 1947 жылы оралып, 1952 жылы Шымкенте қоныс аударды. Оқ пен оттың арасынан аман өткен ардагер бейбіт өмірде ел дамына еселі еңбегімен үлес қосқан. Нан зауыты, вагон деполарында еңбек етіп, гидролиз зауытынан зейнетке шықты. Ардагер 1 дәрежелі «Ұлы Отан соғысы» орденімен, бірнеше медальдермен марапатталған.