Шымкентте 1299 отбасы баспаналы болды

Шымкентте 1299 отбасы баспаналы болды

Шымкент қаласында жыл басынан бері 1299 азамат несиелік бағыттағы баспанамен қамтылды, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Оның ішінде «Отбасы банк» тарапынан 2020 жылы пайдалануға берілген кредиттік тұрғын үйлерге «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында «5-20-25» бағыты бойынша 450 азамат несие рәсімдеп, пәтерлеріне қоныстанды; «7-20-25» бағыты бойынша екінші деңгейлі банктер тарапынан 849 азамат несие негізінде жаңа баспана кілтіне қол жеткізді. Осы ипотекалық бағытта баспаналы болған жалпы саны 1299 азаматтың 286-сы тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы тұрғын үй құрылысын қолдаудың жаңа тетіктерін біріктірді. Қазіргі таңда елімізде азаматтардың өмір сүру жағдайларын жақсарту және тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар үшін қолжетімді мүмкіндіктер жасау мақсатында ипотекалық бағдарламалар енгізілген. Атап айтсақ, «2-10-20» (Бақытты отбасы), «7-20-25», «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы (5-10-20).

«2-10-20» (Бақытты отбасы) бағытына тұрғын үй кезегіндегі «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ І және ІІ дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көп балалы аналар, толық емес отбасылар, мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар санатындағы азаматтар қатыса алады.

Ал, «5-20-25», «Шаңырақ» пилоттық жобасы (5-10-20) бағыты бойынша тұрғын үйге мұқтаж азаматтар тізімінде кезекке тіркелген кез- келген азаматқа өтінім беру мүмкіндігі қарастырылған. Қалған «7-20-25» бағыты бойынша кез келген, атында мүлік тіркелмеген ҚР азаматы нарықтан алғашқы тұрғын үйден пәтер алу мүмкіншілігі бар.

Айта кету керек, жоғарыда аталған «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының тұрғын үй бағыттары бойынша 2020 жылы 2621 азамат несие негізінде баспаналы болған. Оның ішінде 466 азамат тұрғын үй кезегінде тіркелгендер.