Шымкентте 15 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары басталады

Шымкентте 15 тұрғын үйде күрделі жөндеу жұмыстары басталады

Шымкентте жақында көпқабатты 15 тұрғын үйдің күрделі жөндеу жұмыстары қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін болады. Аталған жөндеу жұмыстары қаржылық- экономикалық негіздеменің қорытындысына сәйкес жергілікті бюджеттен қаржы қаралған соң басталмақ.

Көппәтерлі тұрғын үйлердің толықтай шатыры ауыстырылып, жертөлесі, кіреберіс, кәріз құбырлары жаңартылады. Жөндеуден өтетін көпқабатты тұрғын үйлер Әл-Фараби алаңында, Республика даңғылы, Асқаров, Дулати, Жангелдина, Ильяев көшелерінде және Отырар, Спорттық және Шығыс шағын аудандарында орналасқан.

Қайтарымды қаржы негізінде жүргізілетін жөндеу жұмыстары аталған тұрғын үйлердің тұрғындарының 70 пайыз келісімі бойынша жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар меншік иелері жөндеу жұмыстарын жүргізетін мердігер мекемені өздері таңдау арқылы ұсынады. Жөндеу жұмыстарын қадағалауды «Тұрғын үй»

Шымкент ЖШС-і жүзеге асырады.

Айта кету керек, бұдан бөлек, қазіргі таңда 10-нан аса тұрғын үйге техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілуде. Соған сәйкес тиісті мақұлдау шаралары қабылданған жағдайда, бірқатар көппәтерлі тұрғын үйлер жөндеуден өтуі мүмкін. 2022 жылы қалада 60 көпқабатты тұрғын үйге күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстар жүргізілген болатын.