Шымкент қаласында биыл 113 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. Оған бюджет есебінен 47,5 млрд.теңгеге қаржы қаралған, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Маулен Айманбетов БАҚ өкілдеріне берген брифингінде баяндады.
- Құрылыс саласында негізгі басымдық көпқабатты тұрғын үй құрылысына беріледі. Басқарма тарапынан «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында 79 тұрғын үйдің құрылысы жүргізіледі. Бұл мақсатқа бюджеттен 29,1 млрд. теңге бөлінген Әкімшілік-іскерлік орталығы мен Тұран шағын аудандарында 65 кредиттік тұрғын үйдің (4064 пәтер) құрылысын жүргізу жоспарланған. Биыл 33 кредиттік тұрғын үйдің құрылысы аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде, 2 096 азамат кредиттік баспанаға қол жеткізеді. Сондай-ақ, 14 арендалық тұрғын үй салынуда. Оның 6-ы әкімшілік-іскерлік орталығында, 8-і Тұранда. Биыл 6 үйдің құрылысын аяқтап, 336 пәтерді пайдалануға тапсырамыз, - деді әкім орынбасары.
Биыл 4820 орындық 11 білім нысандарының құрылысы жүргізілуде. Оған бюджеттен 6,5 млрд.теңге қаржы бөлінген. Жыл соңына дейін 1920 орындық 4 мектеп пайдалануға беріледі.
Бұдан бөлек, 34 нысанның жобалау-сметалық құжаттамасын әзірлеуге 1,1 млрд.теңге бөлінген, тұрғын үй, инженерлік инфрақұрылым, мектеп, мәдениет, ауыл шаруашылығы, жұмылдыру дайындығы, әлеуметтік қамтамасыз ету салаларында және денсаулық сақтау саласында әзірленеді.