Шымкентке соңғы 3 жыл ішінде 1753 отбасы қоныс аударып, 2700 – ге жуық азамат қандас мәртебесін алды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Тарихи отанына оралған қандастарымызға «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ-де қолдау көрсету мақсатында барлық жағдай жасалған. Онда тұрмыстық, психологиялық, құқықтық, медициналық әлеуметтік қызметтермен қатар, оқу курстары және пәндік дәрістер (6 пәндік лекция) оқытылып, оқыған мамандықтары бойынша жұмысқа орналасуға қолдау көрсетіледі. Сонымен қатар, түрлі мәдени, мерекелік іс-шаралары ұйымдастырылады.
Ауғанстан елінен тарихи отанына оралған Назар Мохаммад Шымкент қалалық «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ-де немерелі болды. Атажұртқа қоныс аударып, орталықта уақытша пана әрі қолдау тапқан қандастың шаңырағында қос қуаныш. Перзентханадағы сүйінші хабармен қоса отбасы баспаналы болып, жақында қоныс тойын тойламақ.
Назар Мохаммад – Шымкент қаласы Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының жолдамасымен «Қандастарды бейімдеу және ықпалдастыру орталығы» КММ-не жүгінген қандастардың бірі. Отбасы құрамында 8 адам бар. Орталық мамандары оларға емхана, мектепке тіркелуге қажетті көмек көрсетіп, аяққа тұруларына барынша қолдау жасауда.
Қандас отбасы мүшелерімен бірге орталықта кіші кәсіптік мамандық алып, жұмысқа орналасқан. Оқу барысында тіпті ана тілін жетік меңгеру үшін қосымша дәріс алғанын айтады. Елге оралғанда осынау қолдау көрсетіп, бауырмашылдық танытқан мамандарға алғысы шексіз.