ШЫМКЕНТТЕ 279 АЗАМАТ АРЕНДАЛЫҚ ПӘТЕРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ 279 АЗАМАТ АРЕНДАЛЫҚ ПӘТЕРМЕН ҚАМТЫЛДЫ

Шымкент қаласы тұрғын үй басқармасының басшысы Жанат Өтебаева басқарманың 2023 жылдың 9 айында атқарған жұмыстарын қорытындылап, баспасөз брифингін өткізді. Басқарма басшысы азаматтарды тұрғын үймен қамту, тұрғын үй қорын жаңғырту бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстардан хабардар етті.

2023 жылы Шымкент қаласы бойынша мемлекеттік бағдарлама аясында халықтың әлеуметтік осал топтарын, көп балалы отбасыларды және жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, сондай ақ бюджеттік ұйымдардың қызметкерлерін 324 арендалық пәтермен қамту жоспарланған. Қазіргі уақытта арендалық тұрғын үймен түрлі санаттағы 279 азамат қамтылып отыр. Бұдан бөлек, тұрғын үй кезегінде тіркелген азаматтарға қосымша 505 (жетім балаларға – 151, көпбалалы отбасыларға – 135, әлсіз топтарға – 219) арендалық пәтерді сатып алу жұмыстары жүргізілуде.

– Шымкент қаласында 2023 жылы кредиттік бағытта 1886 пәтермен қамту жоспарланған болса, бүгінгі таңда 1249 азамат осы бағытта пәтерге қол жеткізді. Жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға арендалық бағытта 888 пәтер беріледі. Қазан айында конкурсты бастау жоспарлануда. 2023 жылға 200 млн теңге қайтарымсыз негізде тұрғын үй сертификаттарын беру жоспарланып, төлем қабілеттілігін растаған 170 азаматқа 149,1 млн тг берілді, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, шаһарда биыл көпқабатты 36 тұрғын үйді жөндеуден өткізу жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 15 тұрғын үй күрделі, 21 тұрғын үй ағымдағы жөндеуден өтеді. Одан бөлек, қала аумағындағы авариялық, тозығы жеткен 6 тұрғын үйді бұзып, қайта жаңа тұрғын үй кешенін салу жоспарланған болатын. Қазіргі таңда реновация бағдарламасы аясында Безделев көшесіндегі 72А, 111 нөмірлі тозығы жеткен тұрғын үйлерді бұзу жұмыстары басталды.

Басқарма басшысы брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді.