Шымкентте 400-ге жуық үй жаңа жүйеге көшті

Шымкентте 400-ге жуық үй жаңа жүйеге көшті

Шымкентте жаңа жүйені тұрғындарға түсіндіру, басқару нысандарын тіркеу бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды пысықтау мақсатында Шымкент қаласы әкімінің төрағалығымен жиналыс өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Елімізде көпқабатты тұрғын үйлерді басқарудың жаңа жүйесі енгізілді. «Бір үй – бір бірлестік – бір есепшот» қағидатымен кондоминиум объектісі ретінде тіркеуден өткен көпқабатты тұрғын үйлерде мүлік иелерінің бірлестігі және жай серіктестіктер құрылып жатыр, яғни пәтер иелері кооперативінің (КСК) орнын мүлік иелері бірлестігі басуда. Демек, баспана иелері өздері тұрғын үйді басқарады. Бастысы бәрі ашық. Тұрғындар үй кешенін дамыту, абаттандыру, көгалдандыру секілді жоспарына қатысты шешім де қабылдай алады.

Бүгінде қаладағы 377 көпқабатты тұрғын үй жаңа жүйеге көшкенін баяндады. Оның 83-і мүлік иелерінің бірлестігі болса, 294-і жай серіктестіктер. Қала басшысы Мұрат Әйтенов меншік иелері бұл жаңашылдықты әлі толық түсініп болмағанын айтты.

- Жаңа басқару формасы бір үй - бір басқару органы - екі банктік шот (ағымдағы және жинақ) схемасымен жұмыс жасайды. Әрбір пәтер тұрғыны өз үйінің, ауласының тазалығы мен ұқыпты пайдаланылуына өзі тікелей жауапты болады. Мәселен, қазір олар ай сайын шамамен 700-800 тг КСК-ға төлеп жатыр. Алайда шағым өте көп. Біреуі үй кіреберісін жумайды десе, бірі жертөледе дезинфекция жасалынбай жатыр деп арызданады. Енді, тұрғындар өз келісімдерімен МИБ немесе ЖС құратын болса, сол ақшаларының қайда, не мақсатта кетіп жатқанын ашық түрде көріп, өздері бақылау жасауға мүмкіндігі бар. Жеке есепшоттарында жиналған ақшаны қажеттіліктеріне қарай тиімді пайдаланып, есебін сұрап отырады. Бұл коммуналдық қызмет көрсететін мекемелер арасында да бәсеке тудырып, қызмет көрсетудің жоғары сапасына қол жеткізуге мүмкіндік береді. Тұрғындарда тазалық мәдениеті қалыптасады. Ауладағы тастаған қоқысына әкімдік емес өзі жауапты екенін ұғынады, - деген жиналыс төрағасы түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Мүлік иелерінің бірлестігі – заңды тұлға ретінде Әділет департаментінде, жай серіктестік (заңды тұлға емес) тұрғын үй инспекциясы басқармасында тіркеледі. Тұрғындар келісімімен үй кеңесі құрылып, сол басқарады. Ол үш жыл мерзімге сайланады. Егер үй кеңестері өз міндеттерін тиісінше орындамаған жағдайда жалпы жиналыс шешімімен қайта сайланатын болады.

Жаңа жүйенің тағы бір ұтымды тұсы – МИБ немесе ЖС құрылған көп қабатты тұрғын үйдің бос үй-жайын, жарнамадан және т.б. жалға беру арқылы табыс алу мүмкіндігі қарастырылған, түскен табысты үйдің жөндеу жұмыстарына пайдалануға болады. Жер учаскесін заңдастыру, тіркеу мүмкіндіктері де қарастырылған.