Шымкентте 51 мыңнан астам адам сапалы интернетпен қамтылады

Шымкентте 51 мыңнан астам адам сапалы интернетпен қамтылады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Шымкент қаласында сапалы интернетпен қамтудың 2-ші кезеңі басталды, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Жоба бойынша 27 елді мекенге базалық станция орнатылса, 16 тұрғын алапты оптикалық желімен қамту жұмысы жоспарланған.

Қала әкімдігінің Баспасөз қызметінің мәліметінше, оптикалық желіні жүйелеу үшін жеке инвестор тартылды. Қазіргі таңда 16 тұрғын алаптың координаты жолданып, желіні электр бағанасы арқылы жүргізуге келісім алынды. Бұл жұмыстар осы жылдың бірінші жартыжылдығында аяқталуы тиіс.


Өткен жылы шалғай аудандарды интернетпен қамтудың 1-ші кезеңінде 11 елді мекенге базалық станция орнатылған болатын. Оның ішінде, Алтынтөбе, Көкбұлақ, Солтүстік-Батыс және Достық (Солтүстік саяжай), тұрғын алаптарында станциялар толық іске қосылды.

Асар, Шымсити, Ақтас-2, Асар-2, Айкөл, Тұран және Шымсити-2 шағын аудандарында базалық станцияларды электр энергиясына жалғау жұмысы жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша орнатылған базалық станциялардың барлығы іске қосылса, 51 668 адам сапалы интернетке қол жеткізеді.

Ал, Айкөл тұрғын алабына базалық станция орнату жөнінде Kcell байланыс операторымен келісім жасалды. Базалық станцияны орнату жұмысы қаңтар айының соңында басталады.