Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов «Ынтымақ» шағын ауданына арнайы барып, ондағы тұрғындармен кездесті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Осыдан біраз күн бұрын әкімнің онлайн қабылдауында болған аталған шағын ауданның тұрғыны ауданда ауыз су мен сапалы жолдың жоқтығын және қоғамдық көлік пен интернет мәселесін шешіп беруін, сонымен бірге мектеп салып беруін айтқан болатын.
Осы түйткілді мәселелерді шешу мақсатында қала басшысы тиісті сала мамандарымен бірге «Ынтымақ» шағын ауданында болып, инфрақұрылым мәселесін шешу жолдарын қарастырды.
Осы ретте, қалалық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Боранбай Болатбеков осы жылдың тамыз айында шағын аудан тұрғындары сапалы ауыз сумен толығымен қамтамасыз етілетінін айтты.
Оның айтуынша, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы тарапынан Ынтымақ шағын ауданын сапалы ауыз сумен қамту үшін жоба жасалынып, құрылыс жұмыстары осы жылдың сәуір айында басталады екен. Нысан құрылысы 2021 жылдың тамызында аяқталып, пайдалануға беріледі. Нәтижесінде 600 тұрғын үй сапалы ауыз сумен қамтылады дейді.
Сонымен қатар әкім мектеп салып беру жайын қарастыруды «Шымкент» ӘКК ҰК АҚ Басқарма төрағасы Бауыржан Канкинге тапсырса, интернетпен қамтуды цифрландыру басқармасына жүктеді. Бұдан бөлек, шаһар басшысы тұрғындардың ауданда ұрлықтың көп болып жүр деген мәселесін назарға алып, полиция бекетін салуды және шағал тас төселген үш көшеге асфальт төсеуді тапсырды.
Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы аталған көшелерге асфальт тас төсеу жұмыстарын осы жылы жүргізіп, аяқтауды айтты. Сонымен қатар, көшелердегі жөндеу жұмыстары аяқталған соң бүгінде қатынап жүрген №55 автобустың сызбасына өзгерістер енгізілетінін де атап өтті.
Қала тұрғындарының өмір сүруіне қолайлы орта қалыптастыру өзекті мәселе екенін айтқан Мұрат Әйтенов жауапты сала басшыларына бұл бағыттағы жұмыстарды күн тәртібінен түсірмей қарауды тапсырып, атқарылған жұмыстар бойынша күн сайын баяндауды айтты.