Шымкентте 98 нысанның құрылысы жүргізілуде

Шымкентте 98 нысанның құрылысы жүргізілуде

Биыл Шымкент қаласының құрылыс басқармасы тарапынан жалпы құны 104,9 млрд теңгеге 69 жоба аясында 98 нысанның құрылысы қолға алынды. Оның ішінде 62 нысан жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланса, бір нысанның құрылысы толығымен аяқталды. Қалған 35 нысанның құрылысы келесі жылға өтпелі болып отыр.

Аталған жобалар аясында қала аумағында көпқабатты 57 тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Бұл үйлердің жалпы аумағы 283,5 мың шаршы метрді құрап, 3 592 пәтерді қамтиды. Биыл соның ішінде 31 үй (2 412 пәтер, 190,7 мың ш.м.) тұрғындар игілігіне берілмек. Сонымен қатар, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарына нарықтан 379 пәтер сатып алу жоспарланған. Қазіргі таңда бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр. Айта кетейік, былтыр бұл санатқа жататын азаматтар үшін 1 514 пәтер сатып алынған болатын (оның ішінде 1 060 пәтер әлеуметтік осал топтарға, 454 пәтер жұмыс істейтін жастарға берілген).

Қаланың әр шағынауданында кепілдік мерзімдегі үйлер бойынша да жұмыс белсенді жүргізілуде. Қазіргі таңда «Тұран-2», «Шымкент сити», «Нұрсәт», «Бозарық» және «Ақжайық» шағынаудандарындағы көпқабатты 197 тұрғын үй (10 562 пәтер) кепілдік бақылауда тұр. 2025 жылдың басынан бері 50 құрылыс кемшілігі анықталып, қалпына келтірілді. Ал, 2024 жылы 656 ақау тіркеліп, олар да тиісті түрде жойылған.

Құрылыс сапасын бақылау мақсатында шарт талаптарын орындамаған мердігер мекемелер мен техникалық қадағалаушыларға биылғы жыл басынан бүгінге дейін 5,6 млн теңге айыппұл салынып, өндірілді. Оның ішінде мердігерлерге – 1,88 млн теңге, техникалық және авторлық қадағалаушыларға – 105 мың теңге, кепілдік мерзімі аясында – 3,75 млн теңге. Ал, өткен жылы бұл көрсеткіш 176,5 млн теңгені құраған болатын. Сонымен қатар, 2025 жылы «Корпорация Сити-строй» ЖШС-і мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушы ретінде танылды.

Қалада апатты және ескі үйлерді жаңарту бағытында реновация бағдарламасы қайта бекітілді. Бүгінгі таңда 113 пәтерді қамтитын апатты жағдайдағы 10 үйдің тұрғындарын көшіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, 2021 жылдан бері көпқабатты 233 тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізіліп, оның ішінде 68 үй сейсмонығайтуды қажет етеді деп танылса, 67 үй апатты, ал 98 үй тұрақты жағдайда екені анықталды. Қазіргі уақытта тағы бірнеше үйге ҚазҒСҚЗИ мамандарымен зерттеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Инженерлік инфрақұрылымды дамыту мақсатында ағымдағы жылы 8 нысанның құрылысы жүргізілуде. Оның ішінде 7 нысан жыл соңына дейін аяқталып, 1 жоба келесі жылға өтеді. Одан бөлек, көпқабатты 22 тұрғын үйге күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу және қала аумағындағы 9 үйдің тозығы жеткен 17 жедел сатысын ауыстыру жоспарланған.

Білім саласында да ілгерілеу байқалады. Жыл ішінде 17 білім беру нысанының құрылысы жүруде, оның ішінде 7 жаңа ғимарат (оның 5-і жыл соңына дейін беріледі) және 10 нысан күрделі жөндеуден өтуде (жаңа оқу жылына дейін аяқталуы тиіс). Сонымен қатар, қосымша 9 мектепке арналған жобалау-сметалық құжаттамалар дайындалды. «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында 17 300 орынды 12 мектептің құрылысы жүргізіліп, оның 11-і пайдалануға берілді, қалған бір мектептің (Таскен ш/а) құрылысы биылғы оқу жылының ІІІ тоқсанында аяқталады.

Мәдениет, спорт және денсаулық сақтау бағытында да ауқымды жобалар іске асырылуда. Айталық, Бәйдібек би көшесіндегі №115/1 ғимараты мәдениет нысаны ретінде қайта құрылып, пайдалануға берілді. Сонымен қатар, А.Пушкин кітапханасы, қуғын-сүргін құрбандары музейі және Ж.Шанин театрының ғимаратын жаңарту бойынша жобалар дайындалуда. Биыл №15 спорт мектебінің құрылысы аяқталды. Қосымша бірнеше спорт нысаны бойынша да жобалық-сметалық құжаттар әзірленуде.

Абаттандыру бағытында Шымкент сити шағынауданында 20,4 гектар және 6,9 гектар жерді қамтитын саябақтың құрылысы аяқталды. Тұран шағынауданында этносаябақ құрылысының жобасы дайындалуда.

Әлеуметтік қамтамасыз ету бағытында үш нысан салынып жатыр. Оның екеуі (арнаулы қызмет көрсету орталығының қосымша 50 орынды ғимараты мен балаларға арналған әлеуметтік қызмет көрсету орталығы) биыл тапсырылса, мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған 150 орынды оңалту орталығының құрылысы келесі жылға өтпелі.

Денсаулық сақтау саласында қан орталығының қосымша ғимаратының құрылысы қолға алынған. Одан басқа, 200 орынды перинаталдық орталық, қосымша корпус және мамандандырылған балалар үйі бойынша жобалар дайындалуда. Төтенше жағдайлар саласында да 6 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр, олардың қатарында өрт сөндіру деполары мен жедел қызмет көрсету орталықтары бар. Қосымша 7 жобаға ЖСҚ әзірленуде.

Мемлекеттік басқару саласында екі әкімшілік ғимараттың құрылысы жалғасуда. Олар да 2025 жылдың соңына дейін тапсырылмақ. Сондай-ақ, алты жобаның құжаттары дайындалуда. Олардың қатарында сот сараптама орталығы, қосымша әкімшілік ғимараттар мен күрделі жөндеулер бар.

Түйіндей келгенде, Шымкент қаласында құрылыс саласы қарқынды даму үстінде деуге болады. Мемлекеттік бағдарламалар мен жергілікті бастамалар аясында тұрғын үймен қамту, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру, сейсмологиялық қауіпсіздік пен инженерлік жүйелерді дамыту бағытында нақты қадамдар жасалуда. Мұндай шаралар қала тұрғындарының өмір сүру сапасын жақсартып, шаһарымызды қауіпсіз әрі жайлы қалаға айналдыруға мүмкіндік береді.