Ел тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерейтойында үшінші мегаполисте Алаш арыстарына арналған композициялық мүсін ашылды. Салтанатты іс-шараға Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов, «Алаш арыстары» ескерткіші идеясының авторы Бекет Тұрғараев, ескерткіштің авторы, Қазақстан суретшілер Одағының мүшесі, ҚР мәдениет қайраткері Тоқтар Ермеков, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ханбибі Есенқарақызы, қуғын-сүргін құрбанының ұрпағы, М.Әуезов атындағы ОҚУ колледжінің директоры Әлібек Сейдехан және басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
– Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде тұғырлы ел болып, тарихымызды түгендеп келеміз. Тәуелсіздік жолында құрбан болған арыстарды ұлықтауға мүмкіндік алдық. Бүгінгі ескерткіш – соның айғағы. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев "Алаш қайраткерлері тәуелсіздік жолында зор еңбек сіңірді, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын жастарға, бүкіл әлемге паш етуіміз керек" деген болатын. Бүгін – Шымкент қаласының тарихында айтулы күн. Елі үшін, елінің жарқын болашағы үшін аянбай күрескен бабаларымыздың алдында ұрпағы тағзым етеді. Тәуелсіздік күні мерекесі баршамызға құтты болсын. Қазақстан мәңгі жасай берсін! – деді қала әкімі Мұрат Дүйсенбекұлы.
Бұдан кейін қала әкімі Мұрат Әйтенов, қалалық мәслихаттың хатшысы Бахадыр Нарымбетов және Желтоқсан оқиғасына қатысушы Сәбит Исабеков ескерткішті салтанатты түрде ашты. Жиналған қауым гүл шоқтарын қойды. Зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, Алаш ардақтыларының тәуелсіздік жолындағы өлшеусіз еңбегі туралы бөлісті.
Айта кетейік , көп фигуралы композицияда Алаш қайраткерлерінің бейнесі тұтас бейнеленген. Ортада – "Алаш" партиясының көсемі Әлихан Бөкейханов, жанында Әлімжан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлы, Мұхамеджан Сералин, Жақанша Досмұханбетов, Халел Ғаббасов бар.
Гранитпен қапталған тұғырға "Алаш Арыстары" деп жазылған.
Композициялық мүсін қаланың орталық саябағының кіреберісінен бой көтеріп отыр. Оның ашылуына Шымкент қаласының мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасы ұйытқы болып отыр.