Шымкент қаласында бүгінгі таңда жағдай тұрақты. Төтенше жағдай режимі қатаң бақылауда. Барлық коммуналдық және қызмет көрсету кәсіпорындары қалыпты режимде жұмыс істеуде.
Ал, төтенше жағдай режимі жағдайында қала әкімдігі мен жұмыспен қамту орталығы сағат 09.00-ден 18.00-ге дейін, медицина мекемелерінің жай күндердегі жұмыс кестесі сағат 08:00-ден 20:00-ге дейін жалғасады. Ал демалыс күндері емханалар мен ауруханаларда кезекшілік режимі іске қосылады. Жедел жәрдем қызметі 103 нөміріне қоңырауларды қабылдайды, тәулік бойы стационарлар науқастарды жоспарлы госпитализацияға да, жедел жәрдем деңгейіндегі науқастарды шұғыл қабылдауға да қабылдап жатыр.
Білім және ғылым министрлігі қазақстандықтарды оқушылар мен студенттердің демалысын ұзарту туралы хабардар етті. Балабақшалар мен қосымша білім беру ұйымдары әдеттегідей жұмыс істейді.
Халыққа қызмет көрсету орталықтары интернет желісі толықтай қосылған кезде жұмысын бастайтын болады.
Шымкент халықаралық әуежайы мен темір жол вокзалы қалыпты режимде жұмысын атқаруда. Бүгінгі таңда әуе рейстер мен темір жол кестесі қалыпқа келтірілуде.
Сонымен бірге қаладағы барлық базарлар сағат 10.00-ден 18.00-ге дейін, сауда орталықтары кешкі 21.00-ге дейін жұмыс істеуде. Ал, «Шымкент плаза» ойын-сауық орталығы осы демалыс күндері, яғни, 8,9 қаңтар күндері жұмыс істемейді. 10-шы қаңтардан бастап қалыпты режимде жұмыс істейтін болады.
Ұлттық банктің хабарлауынша, еліміздегі екінші деңгейлі банктер 10 қаңтарға дейін жұмыс істемейді. Олардың мәліметінше, әзірге тек банкоматтар ғана халыққа қолжетімді.
Ал кешіктірілген төлемдерге айыппұл салынбайды. «Каспи», «Отбасы банк», «Халық», «Еуразиялық банк», «Форте», «БанкЦентрКредит» және «Алтын банк» пен «Хоум кредит», «Альфа банк» өкілдері осындай ақпар таратқан болатын. Олар қаңтардың 5-і мен 19-ы аралығында ипотекасын төлей алмағандарға өсімақы жүрмейді дейді. Елдегі жағдайға байланысты осындай шешім қабылданып отыр. Сол себепті банктен қарыз алғандардың алаңдамауына болады.
Қала тұрғындары мен қонақтарынан төтенше жағдай кезінде заң бұзушылықтарға жол бермеуге және комменданттық тәртіпті сақтауға шақырамыз.