«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы барысында 846 әкімшілік құқықбұзушылық анықталды, деп хабарлайды Shymkentaqpara
Қазақстан Республикасы ІІМ-нің 2021 жылғы 2-тоқсанға арналған жедел-профилактикалық іс-шаралар кестесіне сәйкес, Республика аумағындағы жүргізушілердің көлік тәртібін арттыру, жол-көлік оқиғаларының санын азайту мақсатында ағымдағы жылдың 17-мамыр мен 16-маусым аралығында «Қауіпсіз жол» шарасы өткізілуде.
Осы орайда, Шымкент қаласы бойынша «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасының 1 күнінде 846 әкімшілік құқықбұзушылық анықталып отыр.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Шымкент қаласы аумағындағы көлік ағыны толастамайтын көшелерде рейд жүргізді. Жол ережесін бұзған автокөлік иелеріне белгіленген мөлшерде айыппұл салынып, түсінік жұмыстары жүргізілуде.
Рейдке шыққан жол инспекторлары жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзғандарды анықталып, көлікті мас күйде басқарған - 1, техникалық байқаудан өтпеген - 16 тұлғаға хаттама толтырды. Жол үстінде қауіпсіздік белдігін тақпаған - 121, темір тұлпар тізгінінде ұялы телефон пайдаланған - 57, маневр ережесін бұзған - 3, қозғалыстың қарсы жолағына шыққан - 1, бағдаршамның тыйым салынған сигналына өтіп кеткен - 10, жаяу жүргіншіге басымдық бермеген - 5 жүргізуші анықталды. Сондай-ақ, жаяу жүргіншілер өтпесінен өтпей, кез келген жерден жолды кесіп өтпек болып, апат тудыруға себепкер болған 37 жаяу жүргінші жол ережесін бұзды. Мемлекеттік техникалық байқаудан өтпегендерге көлік құралын басқаруы үшін қайтадан тексерістен өтуі керектігі түсіндірілді. Айыппұл тұрағына қойылған көлік құралдарының саны 8-ге жетті.
Фото: Самат Мырзалиев