Биыл Шымкентте «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 100 жаңа жобаға қолдау көрсетіледі деп хабарлайды Shymkentaqparat
Бұл туралы қалалық Кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармасының басшысы Береке Дүйсебеков мәлімдеді.
- Өткен жылы «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 29,1 млрд.теңгеге 30 жобаға қолдау көрсетілді. 2019 жылмен салыстырғанда жобалардың өсу серпіні 3 еседен асады. Биыл «Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 2 396,0 млн. теңгеге 418 жобаға қолдау көрсету жоспарлануда. Ал, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында 3 576,0 млн. теңгеге 100 жаңа жобаға қолдау көрсету көзделіп отыр, - деді басқарма басшысы.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының мақсаты – халықтың мұқтажын қамтамасыз ету және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының импортын алмастыру мақсатында бәсекеге қабілетті өндіріс құру.
Бағдарламада банк алдында мемлекеттің кепілдігі қарастырылған. Кепілдік несиелеудің барлық мерзіміне беріледі. Несие мөлшеріне ешқандай шектеу жоқ. Субсидиялау номиналды сыйақы мөлшерлемесі жылдық 15%-дан аспайтын несиелер бойынша жүзеге асырылады. Оның 6%-ын кәсіпкер төлейді, ал айырмасын мемлекет субсидиялайды. Инвестициялық мақсаттарға субсидиялау мерзімі 10 жыл, айналым қаражатын толықтыруға 3 жыл беріледі.
Субсидиялауға және кепілдендіруге өтінімдер Egov арқылы қабылданады. Онда субсидиялау мен кепілдендіру шарттарына қол қою электрондық түрде жүзеге асады.