ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 4 ЖАҢА ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

ШЫМКЕНТТЕ БИЫЛ 4 ЖАҢА ЕМХАНА САЛЫНАДЫ

Бұл туралы қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Нұрлыбек Асылбеков Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникация орталығында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. Басқарма басшысы биыл атқарылар жұмыс жоспарын бөлісті.

Спикердің айтуынша, денсаулық сақтау саласындағы басты жоспардың бірі ретінде республикадық бюджет есебінен салынатын заманауи перинаталдық орталықтың жобасын атауға болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында, Қазақстан бойынша алғаш рет үшінші мегаполисте пилотты түрде жүзеге асырылатын жобаның биыл сметалық құжаттары әзірленсе, құрылыс жылдың соңына қарай немесе келесі жылы қолға алынады деп күтілуде.

– Бұған қоса денсаулық сақтау жүйесіне инвестиция тарту шеңберінде 2023 жылы «Shymkent» ӘКК АҚ-мен бірге 4 емхананың құрылысы бойынша тиісті жұмыстар жүргізіледі. Олар – Ынтымақ-2, Гүлістан көшесі, Құрсай шағынауданы және Қайнарбұлақ тұрғын алабындағы емханалар. Кейбірінің құрылысы жүріп, енді бірі салынатын учаске анықталуда. Сонымен қатар қалада бір ауысымда 800 төсек-орынды университеттік көпбейінді аурухана және клиникалық-диагностикалық орталық құрылысы жеке инвестор есебінен басталды, – деді басқарма басшысы.

Нұрлыбек Абибуллаұлы Шымкентте амбулаторлық деңгейде мемлекеттік 13 емхана және жекеменшік 32 медицина орталығы қызмет атқаратына тоқталды. Стационарлық деңгейде мемлекеттік 15 аурухана 3 533 төсек-орында және жекеменшік 25 аурухана 788 төсек-орында қызмет көрсетуде.