Шымкентте бюджет ұлғайып, жаңа басқармалар құрылады

Шымкентте бюджет ұлғайып, жаңа басқармалар құрылады

Шымкент қаласы мәслихатының кезектен тыс жиырма тоғызыншы сессиясы өтті. Жиынды мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов жүргізіп, қала әкімінің бірінші орынбасары Айдын Кәрімов қатысты.

Сессияда қала өміріне тікелей әсер ететін бірқатар маңызды мәселелер қаралды. Соның ішінде ең бастысы – қаланың 2025–2027 жылдарға арналған бюджетіне өзгерістер енгізу болды.

Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ерлан Есқараев қала қазынасын 45 миллиард теңгеге ұлғайту ұсынылғанын айтты. Сонымен қатар, үнемделген және игерілмей қалған қаржы қайта бағытталмақ. Енді ол ең алдымен әлеуметтік салаға жұмсалады.

Атап айтқанда, жекеменшік мектептерді қаржыландыру, ауруханалар мен емханалардың материалдық-техникалық базасын күшейту негізгі басымдықтардың қатарында тұр.

Сессия барысында тағы бір жаңалық жарияланды. Қалада алдағы уақытта Жастар басқармасы мен Балалар құқығын қорғау басқармасы құрылады. Депутаттар бұл шешімді қолдап, қоғам үшін өте қажет екенін жеткізді.

Жиында сонымен қатар, қала әкімдігінің құрамы мен басқару схемасына өзгерістер енгізу, түрлі комиссиялардың, терроризмге қарсы, құқық бұзушылықтың алдын алу, балалар құқығын қорғау, т.б. құрамын жаңарту, зираттарды күтіп ұстау қағидалары мен ортақ су пайдаланудың жаңа тәртібін бекіту мәселелері талқыланды.

Мәслихат сессиясында қабылданған шешімдер қала тұрғындарының тұрмыс сапасын арттыруға, әлеуметтік саланы дамытуға бағытталған. Әсіресе жастарға қолдау көрсету мен балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы жаңа қадамдар қоғам тарапынан оң бағасын алды.

“Шымкент келбеті”