Шымкентте экологиялық ашық сабақтар ұйымдастырылуда

Шымкентте экологиялық ашық сабақтар ұйымдастырылуда

«Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында Шымкент қаласындағы білім беру мекемелерінде экологиялық тәрбиеге бағытталған ашық сабақтар мен түсіндірме жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл бастаманың негізгі мақсаты – жас буынның бойына табиғатты қорғау, қоршаған ортаны аялау, күнделікті өмірде тазалықты сақтау дағдыларын қалыптастыру.

Осы бағыттағы игі шаралардың бірі Ыбырай Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында өтті. Сабақ барысында бастауыш сынып оқушылары бірнеше топқа бөлініп, «Таза Қазақстан», «Таза аула», «Таза қала», «Таза үй» секілді тақырыптар бойынша жұмыс жасады. Әр топ өздеріне берілген тақырыпты шығармашылық тұрғыда ашып, қолөнер бұйымдары мен макеттер дайындады. Бұл жұмыстар арқылы олар табиғатты қорғау, тұрмыстағы қалдықтарды азайту, аула мен қала тазалығын сақтау бойынша өз ұсыныстарын ортаға салды.

Сонымен қатар, іс-шара аясында оқушылар арасында қоршаған ортаға қатысты нақыл сөздер мен мақал-мәтелдерді айту жарысы ұйымдастырылды. Әр бала өзі таңдаған немесе арнайы берілген мақалдың мәнін ашып, оны күнделікті өмірдегі жағдайлармен байланыстыра білді. Сондай-ақ, экологиялық мазмұндағы ситуациялық сұрақтарға жауап беру арқылы дұрыс шешім қабылдауды үйренді.

Сынып жетекшісі Альмира Медетқызының айтуынша, балалар мұндай шараларға ерекше қызығушылықпен қатысады. «Оқушылардың белсенділігі өте жоғары. Әрқайсысы өз ойларын еркін жеткізіп, экологияға қатысты ұсыныстарын айтты. Мұндай сабақтар жиі өткізіліп тұрса, олардың табиғатқа деген жауапкершілігі арта түседі», – дейді ол.

Қазіргі таңда Ы.Алтынсарин атындағы №65 мектеп-гимназиясында 3400-ге жуық оқушы білім алуда. Мектеп ұжымы жас буынды тек білім беріп қана қоймай, экологиялық мәдениеті жоғары, туған жеріне жанашыр азамат етіп тәрбиелеуді мақсат етеді.

«Шымкент келбеті»