Қазіргі уақытта қалада дауыл, жауын-шашын салдарынан жарық сөну жағдайы жиі тіркелуде. Келтірілген қолайсыздық үшін қала тұрғындарынан кешірім сұраған энергетиктер орын алған келеңсіз жағдайдың себебін түсіндірді, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Шымкентте осы жылдың 21 наурыз күні Абай ауданындағы «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциясынан өрт шыққан болатын. Апат салдарынан Нұртас, Нұрсәт, Шымсити, Нюсити АДЦ, Солтүстік-Батыс, Самал-3, Асар шағынауданы мен Көкжайлау ТК, Төлеметов көшесіндегі көпқабатты үйлер электр қуатсыз қалды.
Елді мекендерді электр қуатына қосу үшін 110/10 кВ «Самал» электр тарату қосалқы станциясындағы уақытша 10 кВ тарату бекеті орнатылып, электр қуаты берілді.
Ал, 28 наурыз күні тарату бекетінде ақау орын алып (кернеу трансформаторы) электр қуаты берілуін тоқтатты. Самал-3, Асар шағынаудандары және Төлеметов көшесі бойында орналасқан үйлер тағы жарықсыз қалды. Алайда, «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС-і және «Қуатжылуорталық-3» МКК-нің апатты жою бригадасы қалпына келтіріп, электр қуаты берілді.
Айта кетерлігі, Абай ауданындағы «Самал» 110/10 кВ электр тарату қосалқы станциянын толық қалпына келтіруге 1 ай уақыт қажет етеді. Сонымен бірге, кейбір елді мекенде электр тарату бекеті белгісіз тұлғалар тарапынан тоналуда. Мұндай мәселені тоқтату үшін «ҚуатЖылуОрталық-3» МКК және «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС тарапынан арнайы кезекшілік ұйымдастырылып отыр. Электр тарату бекеттерінің тоналуы әлі тыйылмаған. Қазірде полицияның көмегімен күдіктілер ұсталып, тергеу амалдары жүріп жатыр.