Шымкентте «Қанымыз бірге» акциясы аясында 30 - ға жуық өзге ұлт өкілі донор болды, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Аталған акция 1 наурыз – «Алғыс айту» күніне орай ұйымдастылды. Еріктілер алдымен қалалық қан тапсыру орталығына барып, арнайы тексерістен өтті. Онда азаматтардың бойы мен салмағы, қан қысымы және басқа да ауруларының бар-жоғы тексерілді.
«Қан тапсыру – адам ағзасына өте пайдалы. Біріншіден – ол өзге адамға өмір сыйлайды. Екіншіден – өз денсаулығында қандай өзгерістер болып жатқанын біле алады. Себебі, қан тапсырар алдын біз азамарды толық тексерістен өткіземіз. Қан орталығында барлық анализдер тегін жасалады», - дейді қалалық қан орталығы директорының орынбасары Жанар Астамаева.
Тексерістен өткен азаматтардан белгілі мөлшерде қан алынды. Содан кейін азаматтар 30 минут дәрігерлердің бақылауында болып, үйлеріне қайтты.
Бұл шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналған «30 қайырымды іс» марафонының алғашқысы. Жыл соңына дейін этнос өкілдері жақсылық жасап, мұқтаж адамдарға қолдан келген көмектерін беретін болады.
Бүгінде Шымкент қаласында 100-ден астам этнос өкілдері тату-тәтті өмір сүруде. 16 этномәдени бірлестік елдің бірлігін бекемдеп, ырысты ынтымағын арттыру бағытында табысты жұмыстар жүргізіп келеді.