Шымкентте халықаралық талаптарға сай келетін конгресс-холл салынуда.
Мемлекет басшысы Шымкентке келген сапарында аталған нысан құрылысын мерзімінде және сапалы аяқтауды тапсырған болатын. Шаһар басшысы Мұрат Әйтенов конгресс-холл құрылыс жұмысатырының барысын аралап көрді.
Қала әкімі сала мамандарымен бірге бұл нысанның құрылыс қарқынын бірнеше рет тексеріп, оң бағасын берген-ді. Мұндағы құрылыс жұмыстары қызу, бекітілген кестеге сай атқарылуда.
Шаһар басшысы халық қазынасы әрі рухани байлығы – мәдениеттен бастау алатынын айта келе, үшінші мегаполисте мәдениет ошақтарының санын арттыра отырып, олардың құрылысы әлемдік тәжірибеге сай жүргізілуі керектігін атап өтті.
Шымкент сити аумағында орналасқан конгресс-холл ғимараты 3 қабатты, 5 блоктан тұрады. Онда 2066 орындық көрермен залы, 190 орындық конференц зал, 80 орындық салтанат залы, 40 орындық баспасөз орталығы, 148 орындық асхана қарастырылған. Сонымен қатар 40-қа жуық көлік сиятын жер асты тұрағы болады.
Іргетасы былтыр қаланған нысан республикалық маңызы бар қоғамдық іс-шараларды, конференцияларды, фестивальдерді, концерттік қойылымдарды өткізумен қатар, оқушылар сарайы ретінде барлық қызметті көрсету мүмкіншілігіне ие болмақ.