Шымкентте «Имран» сауда орталығына жазбаша ескерту берілді

Шымкентте «Имран» сауда орталығына жазбаша ескерту берілді

Бүгін Шымкент қаласы әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасы мен Әл-Фараби ауданы әкімдігінің өкілдерінен құралған мониторингтік топ БАҚ өкілдерімен бірлесе отырып әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерінің бағасын бақылады. Топ мүшелері «Имран» сауда орталығында болып әлеуметтік маңызға ие тауарлардың бағасымен танысты.

ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының 9 бабында көрсетілген талапқа сәйкес, сауда орындары әлеуметтік маңызға ие 19 түрлі тауардың құнына 15 пайыздан артық үстемақы қоймауы тиіс. «Имран» сауда орталығында 15 түрлі тауардың бағасы жоғарыдағы талапқа сай белгіленген. Бірақ, күнбағыс майы, күріш, картоп пен сәбіздің бағасына артық үстемақы қойылғаны белгілі болды.

Мәселен, күріштің «Байдалы» атты түрін дистрибютерлер бұл сауда орталығына 300 теңгеден көтерме бағамен жеткізген. Ал, бөлшек саудада ол 360 теңгеден сатылып жатыр екен. Айырмашылығы — 20 пайыз. Бұл — «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңының талаптарын бұзу. Сондықтан, «Имран» сауда орталығы мен оның кіреберісінде көкөніс сататын кәсіпкерге жазбаша ескерту берілді. Егер осы жағдай қайталанса, айыппұл салынады, — деді Әл-Фараби ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

Егер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік түрлерінің негізсіз қымбаттағанын байқасаңыз 8 (7252) 24-75-41 нөмірлі сенім телефонына хабарлауыңызға болады.