Шымкент қаласында биыл 5 айда қала экономикасына 131,1 млрд. теңге инвестиция тартылып, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 29%-ға ұлғайды.
Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрдің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында айтылды. Қала әкімі М.Әйтенов күн тәртібіне сәйкес инвестициялық саясат тұжырымдамасының жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндады.
Өңірде жыл соңына дейін 538 млрд.теңге инвестиция тарту жоспарлануда, бұл 2021 жылмен салыстырғанда 16%-ға артуы күтілуде деді. Бұл көрсеткішке 2022-2025 жылдары қалада жүзеге асырылатын құны 2,6 трлн. теңге құрайтын 242 инвестициялық жобалардың пулы әсер етпек. Оның ішінде, өңдеу өнеркәсібі саласында құны 550 млрд. теңгені құрайтын 45 жоба іске асырылады.
- Шымкент қаласының әкімдігі 2025 жылға дейінгі инвестиция тарту жоспарына сәйкес жұмыстар жүргізуде. Біздің жоспарымыз бүгінгі Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігімен ұсынылған 2026 жылға дейінгі Инвестициялық саясат тұжырымдамасына сәйкес келеді. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмыстар жалғасатынболады, - деп сөзін түйіндеді.