«ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ»

«ШЫМКЕНТТЕ ИНВЕСТИЦИЯЛЫҚ АХУАЛ ЖАҚСАРЫП КЕЛЕДІ»

Шымкентте инвестициялық ахуал жылдан жылға жақсарып келеді. Бұл туралы Шымкент қаласы әкімдігінің ақпараттық-коммуникациялық орталығында өткен баспасөз брифингінде қала әкімінің орынбасары Айбек Сәттібаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, биыл қала әкімдігі тарапынан атқарылған жұмыстардың барлығы жаңа өндірістер ашып, жұмыс орындарын құру арқылы халықтың тұрмысын жақсартуға бағытталған.

–«Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба» шеңберінде 3 673 жобаға 11 миллиард 700 миллион теңгеге мемлекеттік қолдау көрсетілді. Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы» бағдарламасы аясында 129 жобаға 1 миллиард 300 миллион теңгеге қолдау көрсетілді. Яғни, осы қаржының есебінен кәсіпкерлерге 8 мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі шағын несиелер 6 пайыздық үстемақымен беріліп отыр, – деді А.Сәттібаев.

Оның айтуынша, Шымкент республикалық қала мәртебесіне ие болғалы бері 1,9 триллион теңге инвестиция тартылған. Биыл инвестициялардың 25 пайызы өнеркәсіпті дамытуға бағытталыпты. Алдағы 5 жылдықта қала экономикасын дамытуға 6 триллион теңге инвестиция тартудың жоспары жасалған.