Шымкентте карантин 12 сәуірге дейін созылды

Шымкентте карантин 12 сәуірге дейін созылды

Шымкент қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері Әбдіманап Төлебаев COVID-19 жағдайының тіркелуінің жалғасуына, вирусты пневмония ауруының өсуіне орай карантиндік іс-шараларды ұзарту туралы қаулы қабылдады, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Шымкент қаласының аумағында 2021 жылғы 29 наурыз сағат 00:00-ден бастап 2021 жылғы 12 сәуір сағат 00:00-ге дейін карантин және шектеу іс-шаралары ұзартылсын, - делінген құжатта.

Аталған қаулыға сәйкес, 29 наурыз бен 12 сәуір аралығында қалада ас беру шараларын (толтырылуы 30 пайыздан артық емес, бірақ 50 адамнан артық емес) қоспағанда адамдардың көп жиналуына байланысты кез келген іс-шараларды (туған күндер, мерей тойлар, шығарып салу, құдалық, той, беташар және басқа) өткізуге тыйым салынады. 65 жастан асқан адамдардың қалада жүруі шектеледі.

Мұнан бөлек, қоғамдық орындарға (оның ішінде қалалық қоғамдық көлікте сапар шегу кезінде) және қызметіне рұқсат етілген нысандарға барған кезде, сондай-ақ, ашық ауада орналасқан қоғамдық орындарда болған кезде (5 жасқа дейінгі балаларды және ашық ауада спортпен шұғылдануды қоспағанда) бетперде кию, әлеуметтік қашықтықты сақтау және антисептиктерді пайдалану жөніндегі талаптар қатаң сақталуы қажет.