Бұл туралы ҚР Табиғи монополияларды реттеу комитеті Шымкент қалалық департаментінің басшысы Дархан Қайыңбердиев мәлімдеді. Қалалық әкімдікке қарасты ақпараттық-коммуникациялық орталықта өткен баспасөз брифингінде жауапты маман "Тарифті инвестицияға айырбастау" саясаты бойынша баяндама жасады.
Спикердің мәліметінше, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген бұл саясатты жүзеге асыру мақсатында ҚР "Табиғи монополиялар туралы" заңына өзгерістер енгізілді.
– Шымкент қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесі берілген сәттен бастап, яғни 2018 жылдан бастап Департамент тарапынан реттелетін жылумен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру, газбен жабдықтау салаларындағы коммуналдық қызметтерге тарифтер ұлғайған жоқ, керісінше төмендеді. Мысалы, газбен жабдықтау тарифі 1 текше метріне 34,47 теңге болса, 2023 жылы 32,64 теңгені құрайды. Жылу бағасы сол жылы 142,3 теңге болса, қазіргі таңда – 119,65 теңге. Сол сияқты, су және кәріз жүйесін бағалар, тиісінше, 97,97 және 39,03 теңгеден 96,63 және 38,67 теңгеге төмендеді, – деді Дархан Әбілқасымұлы.
Жауапты маманның айтуынша, монополиялы нарықтарда «Тарифті инвестицияға айырбастау» деген жаңа тариф саясатына көшу керек. Желілер мен қуат көздерінің тозу деңгейін кемінде 15 пайызға азайту қажет. Ал тариф бағасы сол коммуналды қызмет ұсынушының инфрақұрылымға жұмсаған инвестициясының орнына берілмек.
Бүгінде Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында елдегі табиғи монополиялар туралы заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілуде. Мысалы, қосымша субъектілер өңірдегі экономикалық қызмет түрлері бойынша қызметкерлердің орташа жалақысын өзгертуге, теңгерімге және мүлікті сенімгерлік басқаруға алу, бекітілген инвестициялық бағдарламаны ұлғайту сияқты негіздер бойынша жүгіне алады.