Шымкент қаласында 25 қазан – Республика күні мен Мемлекеттік егемендік туралы декларацияның 35 жылдығын мерекелеу аясында қалалық жастар арасында волейбол турнирі өтті.
Шараны Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Жастар ресурстық орталығы» КММ ұйымдастырды.
Турнирдің басты мақсаты – жастардың бойында отансүйгіштік рухты қалыптастыру, салауатты өмір салтын насихаттау және олардың белсенді азаматтық ұстанымын арттыру болды.
Додада қаладағы жоғары және арнаулы орта оқу орындарының студенттерінен құралған 8 команда бақ сынады. Әр команда жеңіске деген жігерін, ұйымшылдығы мен жоғары спорттық дайындық деңгейін көрсетті.
Жарыс барысында қатысушылар тек спорттық шеберліктерін ғана емес, командалық бірлік пен өзара қолдаудың маңызын да айқын көрсетті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, мұндай турнирлер жастардың бос уақытын тиімді өткізуге, денсаулығын нығайтуға және жаңа достық қарым-қатынас орнатуға ықпал етеді.
– «Біздің мақсатымыз – жастардың белсенді өмірлік ұстанымын қалыптастырып, оларды спортқа баулу. Бүгін тартысты ойын күтіп отырмыз. Әрине, осындай шаралар жас буынның рухын көтеріп, елге деген сүйіспеншілігін арттыратыны анық» – дейді ұйымдастырушылар.
Турнир қорытындысы бойынша үздік ойын көрсеткен командалар мен жеке қатысушылар арнайы дипломдармен, ынталандыру және естелік сыйлықтармен марапатталатын болады.
«Шымкент келбеті»