​СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӘЛЕУМЕТТІК, КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

​СЕНАТ ДЕПУТАТТАРЫ ӘЛЕУМЕТТІК, КӘСІПКЕРЛІК НЫСАНДАРДЫ АРАЛАДЫ

ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Н.Бекназаров пен А.Қапбарова Шымкент қаласына жұмыс сапары аясында бірқатар әлеуметтік нысандар, кәсіпорындарды аралап, тұрғындармен жүздесті. Мекеме басшылары, тұрғындармен кездесуде мемлекеттік саясаттың басым бағыттарын атап өтіп, ұсыныстарды тыңдады.

Сенаторлар алдымен қалалық балалар клиникалық ауруханасының жұмысымен танысты. Ондағы жансақтау бөлімі, жарақат бекеті, госпитальді фармация және басқа бөлімдердің жұмысын аралап, жүзеге асырылып жатқан өзгерістерге куә болды. Бас дәрігер Д.Жұмаділованың айтуынша, мекемеде бала өлімі екі есеге төмендеген. А.Қапбарова медициналық қызметтің сапасын жақсарту, бала өлімін азайту бойынша жұмыстар күшейтілу қажет екенін айтты.

Жұмыс сапары барысында сенаторлар Абай ауданы Асар шағынауданы тұрғындарымен кездесті. Тұрғындар барлық көше жарықтандырылғанын, жалпы қолайлы орта қалыптасып келе жатқанын мәлімдеді. Ендігі ретте жайлы орта мектеп және мәдениет үйі салынса деген ұсыныстарын алға тартты.

Сенат депутаттары “Бозарық” индустриалды аймағындағы “Alsera KZ” жылыжай кешеніне барып, өндіріс әлеуетін бақылады. Бұл ретте, тұрғындарды жұмыспен қамту, оларды әлеуметтік қорғау, өндіріс көлемін арттыру, кадрлар даярлау мәселесіне көңіл бөлді.

Сондай-ақ, қала әкімдігінің ғимаратында азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Қала тұрғындары кәсіпкерлік мақсатта алынған жер телімін қайта рәсімеу, атқарушылық іс жүргізу мәселелері бойынша шағымдарын жеткізді. Кәсіпкерлік, индустриалды-инновациялық даму басқармасы, Әл-Фараби ауданы әкімдігі өкілдері де қатысқан қабылдауда азаматтардың мәселелері тиісті мерзімде, заң аясында шешілетіні айтылды.

«Шымкент келбеті»