ҚАЛА КЕЛБЕТІ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ АРТУДА

ҚАЛА КЕЛБЕТІ ЖАҢАРЫП, ТҰРҒЫНДАР ИГІЛІГІ АРТУДА

Шымкент – күн сайын көркейіп, келбеті жаңарып келе жатқан жасампаз қала. Соңғы жылдары шаһар аумағында жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстары тек ғимараттар санын арттырумен шектелмей, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға және қаланың заманауи келбетін қалыптастыруға бағытталып отыр.

Осы орайда, Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев 2025 жылда атқарылған жұмыстардың қорытындысын жариялап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Бұл көрсеткіштер қаланың даму қарқынының жоғары екенін және жүйелі жоспар негізінде ілгерілеп келе жатқанын аңғартады.

2025 жылы Шымкент қаласында жалпы құны 142,4 миллиард теңгені құрайтын 118 нысанның құрылысы жоспарланған. Бұл – мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін беретін ауқымды көрсеткіш.

Жыл басынан бері 67 нысанның құрылысы толығымен аяқталып, пайдалануға берілген. Сонымен қатар, құрылыс қарқыны бәсеңдемей, 51 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.

Қала халқының саны жыл сайын артып келе жатқандықтан, тұрғын үй құрылысы – басты назарда. Осы бағытта биыл 66 көппәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жоспарланған. Бұл жоспардан 34 тұрғын үй пайдалануға беріліп, бұл 2 575 отбасыны баспанамен қамтуға мүмкіндік береді. Жалпы тұрғын үй аумағы 203,9 мың шаршы метрді құрайды.

Ал 32 тұрғын үйдің құрылысы 2026 жылға өтпелі. Бұл – тұрғындарды кезең-кезеңімен қолжетімді баспанамен қамтуға бағытталған нақты әрі жүйелі жұмыс.

Қаланың тұрақты дамуы тек тұрғын үймен шектелмейді. Халыққа сапалы қызмет көрсету үшін әлеуметтік инфрақұрылымның маңызы зор. Осы мақсатта Шымкентте 52 әлеуметтік нысанның құрылысы жүргізілуде.

33 әлеуметтік нысан ел игілігіне берілсе, 19 нысан 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады. Бұл нысандар білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт және қоғамдық қызмет көрсету салаларын қамтып, тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған.

Шымкент қаласында тұрғын үй құрылысы – халықтың әл-ауқатын арттыруға бағытталған басым бағыттардың бірі. 2025 жылы бұл салада ауқымды жобалар қолға алынып, мыңдаған отбасының баспаналы болуына мүмкіндік жасалынып жатыр. Құрылыс басқармасының жоспарына сәйкес, биыл жалпы аумағы 322,9 мың шаршы метрді құрайтын 4 033 пәтерлі 66 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Аталған үйлер Тұран, Бозарық және Ақжайық шағын аудандарында бой көтеруде. Атап айтқанда, Тұран шағын ауданында – 25 үй, Бозарықта – 36 үй, Ақжайықта – 5 үй салынуда. Бұл жобалар қаланың тұрғын үй қорын арттырып қана қоймай, жаңа шағын аудандардың инфрақұрылымын қалыптастыруға серпін беріп отыр. Жоспарланған 66 тұрғын үйдің ішінен 34 тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл – 203,9 мың шаршы метрді құрайтын 2 575 пәтер деген сөз. Бозарық шағын ауданында – 856 пәтерлі, жалпы аумағы 66,3 мың шаршы метрді құрайтын 20 тұрғын үй, Тұран шағын ауданында – 387 пәтерлі, 35,7 мың шаршы метрлік тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Ал қалған 32 тұрғын үйдің құрылысы әлі де жалғасады. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жүргізіліп, сапа мен қауіпсіздік талаптары қатаң сақталуда.

Әлеуметтік осал топтағы азаматтарды баспанамен қамту – мемлекет назарындағы маңызды міндеттердің бірі. Осы мақсатта 2025 жылы нарықтан 1 523 пәтер сатып алу жоспарланған. Оның 1 374 пәтері сатып алынып, тұрғындарға үлестірілді. Қалған 149 пәтерді сатып алу бойынша мемлекеттік сатып алу конкурсы өткізілуде. Бұл бастама тұрғын үйге мұқтаж отбасылардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғамдағы әлеуметтік теңгерімді сақтауға бағытталған.

Қаланың дамуы инженерлік инфрақұрылыммен тікелей байланысты. Осыған орай, 2025 жылы 11 инженерлік инфрақұрылым нысанының құрылысы жоспарланған. Бозарық шағын ауданында – 8 нысан, Ақжайық шағын ауданында – 1 нысан, Тұран шағын ауданында – 1 нысан, Телман елді мекеніндегі мектепке – 1 нысан. Бүгінде 8 нысанның құрылысы толық аяқталған, ал 3 нысанның құрылысы, 2026 жылға өтпелі жоба ретінде жалғасады.

Қалада тұрғын үй қорының сапасын арттыру, тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне жағдай жасау – күн тәртібінен түскен емес. Қала аумағындағы көпқабатты тұрғын үйлердің техникалық жағдайын бақылау, кепілдік мерзіміндегі кемшіліктерді жою, сейсмикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және ескі үйлерді жаңғырту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Қазіргі таңда Шымкент қаласы бойынша 197 көпқабатты тұрғын үй, 10 382 пәтер кепілдік мерзімінде тұр. Атап айтқанда, Тұран-2 шағынауданында – 91 үй, Ақжайықта – 26 үй, Нұрсат-3 шағынауданында – 30 үй, Бозарықта – 40 үй.

2025 жылдың басынан бері осы үйлерде 466 түрлі кемшілік анықталып, барлығы кепілдік мерзім аясында мердігер мекемелер тарапынан толық қалпына келтірілді. Бұл – тұрғындардың қауіпсіздігі мен жайлылығына тікелей бағытталған жүйелі жұмыс.

– Басқарма 24 мердігер мекеме, 34 техникалық қадағалаушы, 18 авторлық қадағалаушымен келісімшарт жасалған. Құрылыс сапасына немқұрайлы қараған мердігерлерге заң аясында қатаң шаралар қолданылуда. 2025 жылы келісімшарт талаптарын орындамағаны үшін 12,5 миллион теңге көлемінде айыппұл өндірілді. Атап айтқанда, 10 мердігер мекемеге – 8,4 млн теңге, оның ішінде 6 мердігер жұмыс кестесінен кешіккен, 4 мердігер жобалық-сметалық құжаттамадан ауытқыған. 4 техникалық және авторлық қадағалаушыға – 340 мың теңге, келісімшарт талаптарын тиісінше орындамағаны үшін. Кепілдік мерзімі аясында 2 мердігер мекемеге сот арқылы 3,75 млн теңге айыппұл салынды. Бұл – құрылыс саласында тәртіп пен жауапкершіліктің күшейтілгенін көрсетеді. Қаланың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 2023 жылы 233 көпқабатты тұрғын үйге техникалық зерттеу жүргізілді. Оның нәтижесінде, 68 үй сейсмонығайтуды қажет ететіні, 67 үй апатты жағдайда екені, 98 үйдің техникалық тұрғыда тұрақты екені анықталды. Бұл мәліметтер алдағы жаңғырту және қайта салу жұмыстарына негіз болып отыр, – дейді басқарма басшысы Шымкент қаласының құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Шымкент қаласында апатты және тозығы жеткен тұрғын үйлерді жаңарту мақсатында 66 көпқабатты үйді сүріп, тұрғындарды жаңа баспанамен қамтамасыз ету жөніндегі жол картасы қайта бекітілді. 2025 жылы апатты деп танылған 12 үйдің ішінен 10 үйдің тұрғындары реновация бағдарламасы аясында көшірілді.

Қазіргі уақытта «B like» ЖШС тарапынан, Елшібек батыр көшесінде – 6 қабатты 2 үй, Безделова көшесінде – 7 қабатты 1 үй, Төлеби көшесінде – 9 қабатты 1 үйдің құрылысы қарқынды жүргізілуде.

2025 жылы Шымкент қаласында 11 жаңа білім беру нысанының құрылысы жүргізілді. Бұл қатарда жаңа мектептер мен қосымша ғимараттар бар. Атап айтқанда, №19, №16, №50, №121, №82, №122, №66 мектептерге қосымша ғимараттар, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп, Тұран шағынауданындағы 500 орындық оқушылар сарайы, С. Рахимов атындағы мектеп, сондай-ақ Сайрам колледжінің жатақханасы салынды. Олардың қазіргі таңда 4 нысан толық пайдалануға берілді. Тұран шағынауданындағы 500 орындық оқушылар сарайы, С. Рахимов атындағы мектеп, Тельман елді мекеніндегі 1200 орындық мектеп, №50 мектепке қосымша корпус. Ал қалған 7 білім нысанының құрылысы 2026 жылға өтпелі. Сонымен қатар, 11 білім беру мекемесі күрделі жөндеуден өтті. Атап айтқанда, №10, №26, №13, №9, №99, №75, №108, №1, №109 мектептер, №97 «Ақмарал» балабақшасы және №19 мектептің жылу жүйесі жаңартылып, 2025 жылдың қыркүйек айында пайдалануға берілді.

Қаланың спорттық әлеуетін арттыру мақсатында №15 спорт мектебінің құрылысы биылғы ақпан айында аяқталып, пайдалануға берілді. Ал мәдениет саласында Бәйдібек би көшесі, 115/1 мекенжайындағы ғимарат қайта жаңғыртылып, маусым айында ел игілігіне тапсырылды. Бұл нысан мәдени өмірдің жандануына серпін бермек.

Шымкент қаласында екі ірі абаттандыру нысанының құрылысы жоспарланған. Олардың бірі – Шымсити шағынауданындағы 20,4 гектарлық саябақ пен 18 гектарлық саябақтың құрылысы. Бұл жобалар қала тұрғындары үшін жайлы демалыс аймақтарын қалыптастыруға бағытталған. Басқарма назарынан әлеуметтік нысандар да қалмады. №6 балаларға арналған арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының ғимараты күрделі жөндеуден өтіп, 2025 жылдың тамыз айында пайдалануға берілді. Ал №1 арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығының 50 орындық қосымша ғимараты және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған 150 орындық оңалту орталығының құрылысы 2026 жылға өтпелі.

– Қала қауіпсіздігін нығайту мақсатында 6 төтенше жағдай нысанының құрылысы жоспарланған. Таскен, Елтай, Сәуле шағынаудандарындағы жедел қызмет көрсету орталықтары пайдалануға берілгеніне куә. Ал Жаңаталап, Бозарық-3 шағынаудандарындағы орталықтар мен Тұран шағынауданындағы 4 көлікке арналған өрт сөндіру депосының құрылысы 2026 жылға өтпелі. Мемлекеттік қызметтің тиімділігін арттыру мақсатында 4 әкімшілік нысанның құрылысы жоспарланып, әкімшілік-іскерлік орталықтағы ғимарат 2025 жылдың шілде айында пайдалануға берілді, Қазыбек би көшесіндегі екі әкімшілік нысан биыл аяқталды. Ал әкімдік қызметтік көліктеріне арналған гараж бен әкімшілік ғимараттың құрылысы мен №3 қалалық аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары 2026 жылы аяқталады деп жоспарланған. Бүгінде 22 жоба бойынша жобалау-сметалық құжаттама әзірленіп, сараптамадан өтті. Оның ішінде, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, төтенше жағдай, әлеуметтік және әкімшілік нысандар бар. Сонымен қатар 51 жоба әзірлеу сатысында, – дейді Олжас Пердебайұлы.

Шымкент қаласында тұрғын үй қоры тек сан жағынан емес, сапа тұрғысынан да жаңарып келеді. Кепілдік міндеттемелердің орындалуы, сейсмикалық қауіпсіздікке мән берілуі, ескі үйлердің орнына жаңа баспаналардың салынуы – барлығы да қала тұрғындарының қауіпсіз әрі жайлы өмір сүруіне бағытталған нақты қадамдар. Қалада жүзеге асып жатқан бұл ауқымды жұмыстар – ел игілігіне бағытталған жүйелі саясаттың нәтижесі. Білім, мәдениет, қауіпсіздік пен әлеуметтік қолдау салаларындағы бұл бастамалар қала тұрғындарының өмір сапасын арттырып, болашақ ұрпақ үшін берік негіз қалыптастырады. Бұл – бүгінгі күннің ғана емес, ертеңгі ұрпақтың игілігі үшін атқарылып жатқан маңызды жұмыстардың нәтижесі. Алдағы жылдары да Шымкенттің сәулеттік келбеті жаңарып, инфрақұрылымы жетіліп, тұрғындар үшін жайлы әрі қауіпсіз орта қалыптаса беретіні анық.

«Шымкент келбеті»