РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА “КҮЗГІ КРОСС” ӨТТІ

РЕСПУБЛИКА КҮНІНЕ ОРАЙ ЖАСТАР АРАСЫНДА “КҮЗГІ КРОСС” ӨТТІ

Республика күні мерекесіне орай Шымкент қаласының Жастар ресурстық орталығы мен Жоғары медициналық колледж бірігіп “Күзгі кросс” атты спорттық сайыс ұйымдастырды. Іс-шараның басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бірлік пен отансүйгіштік рухты арттыру болды.

Орталық саябақта өткен бұл марафон нағыз мерекелік көңіл-күй сыйлады. Таңғы салқын ауа мен күздің ерекше көрінісі қатысушылардың жігерін жанитындай әсер қалдырды. 100 метрге жүгіру жарысына 12 жас қатысып, шапшаңдық пен төзімділіктің үлгісін көрсетті. Ал эстафеталық марафонға 4 адамнан құралған 12 команда қатысты.

Жарыс барысында қатысушылар бір-бірін қолдап, жеңіске жету жолында бар күштерін салды. Бұл спорттық шара тек бәсекелестік емес, достық пен ынтымақтың, жастардың белсенділігін көрсетті.

– Спорт бізді біріктіреді. Жастарды біріктіру алаңын жан-жақты толықтыруға ниеттеспіз. Салауатты өмір салтын қалыптастыру – дені сау ұлттың кепілі. Бүгінгі марафон – жастардың спортқа деген қызығушылығын арттырып, қоғамда белсенді өмір ұстанымын қалыптастыруға бағытталған игі бастама, – деді Жастар ресурстық орталығының басшысы Жансерік Жұман.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен сыйлықтар табысталды.

“Күзгі кросс” марафоны қатысушыларға керемет әсер қалдырды. Мұндай спорттық шаралар жас ұрпаққа үлгі болып, салауатты өмір салтын дәріптегені анық.

«Шымкент келбеті»