Апталық брифингте өзекті мәселелер талқыланды

Апталық брифингте өзекті мәселелер талқыланды

Бүгін Шымкент қалалық Өңірлік коммуникациялар қызметінде қала әкімінің орынбасары әрі әкімдіктің ресми өкілі Сәрсен Құранбек дәстүрлі апталық брифингін өткізді. Жиында апта ішінде болған өзекті оқиғалар, әлеуметтік желілерде көтерілген мәселелер және қаладағы эпидемиологиялық ахуал туралы кеңінен сөз болды.

Ресми өкіл өз сөзін алдағы ұлттық мереке – Республика күнімен құттықтаудан бастады. «Ең алдымен баршаңызды ұлт мерекесі Республика күнімен шын жүректен құттықтаймын. 1990 жылдың 25 қазанында Қазақстан өзінің Тәуелсіздігі туралы Декларациясын жариялаған болатын. Биыл осы тарихи құжатқа 35 жыл толып отыр. Бұл еліміздің мемлекеттілікке қадам басқан мерейлі күні», деді ол. Оның айтуынша, мерекеге орай 24 қазан күні сағат 16:00-де «Қызғалдақ» сарайында салтанатты іс-шара өтеді. Онда қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан азаматтарға мемлекеттік марапаттар табысталып, концерттік бағдарлама ұйымдастырылмақ. Ал 25 қазан күні сағат 11:00-де Шымсити саябағында және қаланың өзге де аумақтарында Мемлекеттік Ту көтеріледі. Кешкісін сағат 19:00-де Астана алаңында Республика күніне арналған гала-концерт болады. Іс-шараға республикалық және жергілікті эстрада әншілері қатысып, мереке соңы отшашуға ұласады.

Брифинг барысында Сәрсен Құранбек жақында елордада өткен «Қазақстан барысы» республикалық турнирінде шымкенттік спортшы Марат Байқұмаровтың жеңіске жетіп, еліміздің бас балуаны атанғанын ерекше атап өтті. Сондай-ақ жиында қаладағы инфекциялық аурулардың көбеюіне қатысты туындаған мәселеге де тоқталды. Әлеуметтік желілерде тараған инфекциялық емханада түсірілген бейнежазба қоғамда үлкен резонанс тудырған болатын.

«Бұл емхана бастапқыда 420 орынға лайықталып салынған, қазір 360 орындық болып қайта жабдықталған. Соңғы уақытта күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Қала әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының тапсырмасымен 10 бөліктің 8-і толық жөнделіп, қалған 2 бөлігі аяқталып қалды. Дегенмен, эпидемиологиялық жағдайдың күрт өзгеруіне байланысты науқастар саны күрт артқан. Сол сәтте емханаға адамдардың көптеп келуіне байланысты төсек-орындар толық дайын болмаған», деді ол. Осы жағдайға байланысты жауапты мамандарға тәртіптік шара қолданылған. Инфекциялық аурухана басшысы Бақтығали Аюбайұлына қатаң сөгіс жарияланған. «Әкімдік бұл жағдайға бейжай қараған жоқ. Денсаулық сақтау басқармасына және емхана басшылығына мұндай олқылықтардың қайталанбауы жөнінде нақты тапсырма берілді. Сонымен қатар науқастарды қабылдау және бағыттауда жаңа алгоритм бекітілді», деді қала әкімінің орынбасары.

Эпидемиологиялық ахуал туралы қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Мелесқызы да баяндама жасады. Оның айтуынша, соңғы екі аптада жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмау жағдайларының саны айтарлықтай өскен. «Қырқыншы аптада 3 530, ал қырық бірінші аптада 3 605 жағдай тіркелді. Негізінен маусымдық тұмауға қатысты көрсеткіштер. Мұндай эпидемиологиялық маусым жыл сайын 1 қазаннан бастап келесі жылдың 30 сәуіріне дейін жалғасады», деді ол. Маманның айтуынша, тұрғындар арасында тұмауға қарсы екпе егу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Қалада 150 мың вакцина сатып алынған, соның 80 мыңнан астамы егілген. Бұл жалпы жоспардың 64 пайызын құрайды. Вакцина толық көлемде жеткілікті, қалған бөлігі де кезең-кезеңімен егілетін болады. Баяндама барысында Айгүл Мелесқызы азаматтарды жеке бас гигиенасын сақтауға, көпшілік жиналатын орындарда сақ болуға және өзін-өзі емдеуден аулақ болуға шақырды. Оның айтуынша, әрбір адам сәл сырқаттанған жағдайда бірден дәрігерге жүгінуі керек. Өзін-өзі емдеумен айналысып, парацетамол мен ибупрофенді шамадан тыс қолдану бауырға кері әсерін тигізеді. Жеңіл түрінде ауру амбулаторияда емделсе, ауыр жағдайда дәрігердің бақылауымен ауруханада ем алу қажет. Қаладағы инфекциялық аурухана 420 орынға есептелген, соның 360 орны қазір белсенді пайдаланылып отыр. Дегенмен, індеттің өршу кезеңінен басқа уақытта аурухана көбіне бос тұрады. Сондықтан бюджет қаражатының тиімділігін ескере отырып, қосымша инфекциялық ауруханалар салу әзірге жоспарланбаған. Мәселен, пандемия кезінде Асар шағынауданында 200 орындық жұқпалы аурулар емханасы салынған. Індет аяқталған соң ғимарат бос тұрғандықтан, бұл балалар клиникалық емханасының пайдалануына берілген. Бүгінде бұл нысан балалар денсаулығына қызмет етіп, қоғам игілігіне жарап жатқаны да айтылды.

Қаладағы денсаулық сақтау саласы бүгінде көптеген өңірден көш ілгері. Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарынан ғана емес, Атырау мен Маңғыстаудан, тіпті көрші Өзбекстаннан да науқастар келіп емделіп жатыр. Шымкент дәрігерлері соңғы жылдары 2 жүрек, 32 бауыр және 240 бүйрек трансплантациясын сәтті орындаған. Сонымен қатар, клиникалық өлім жағдайынан аман қалған науқастарды тірілту, сирек кездесетін бас миы мен мойын ауруларына жасалған күрделі операциялар да қала медицинасындағы үлкен жетістік.

Сондай-ақ қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбектің айтуынша, ерекше балаларға арналған «Қамқорлық» оңалту орталығының мәртебесіне қатысты сұрақтар да толық шешімін тапты. Бұрын әлеуметтік қорғау басқармасына қараған орталық биыл Білім басқармасының теңгеріміне өткізілді. Бұл шешімге бірнеше себеп бар. Біріншіден, 2023 жылғы 17 қарашада Жоғары аудиторлық палата қорытындысымен орталықты Білім басқармасына өткізу қажеттілігі туындаған. Екіншіден, биылдан бастап әлеуметтік саладағы орталықтар лицензиялау тәртібімен жұмыс істеуге міндеттелді. Егер орталық әлеуметтік қорғау жүйесінде қалса, лицензия алмаған жағдайда қаржыландыру тоқтайтын еді. Үшіншіден, қызметкерлерге төленетін 35 пайыздық үстемақыны сақтау үшін де осындай қадам жасалған. Себебі лицензия алғаннан кейін әлеуметтік қорғау жүйесіндегі бұл төлем қысқаратын еді. Енді Білім басқармасы осы үстемақыны 1 қарашадан бастап қайта төлейді. Қазір орталықта 147 бала тіркелген, оның 90-ға жуығы тұрақты түрде келіп жүр. Барлық мамандар өз орындарында, жұмыс қалыпты режимде жалғасып жатыр.

Орталықтың қызмет аясы да кеңейіп келеді. Бұрын әлеуметтік қорғау басқармасы кезінде кейбір қызмет түрлері болмаған болса, енді оңалту орталығы ретінде қосымша мүмкіндіктер қарастырылған. Қала әкімінің орынбасары ерекше балалардың барлығына тең мүмкіндік жасау қажет екенін атап өтті. «Бір бала бірнеше орталыққа тіркеліп, ал басқа бала мүлде қамтылмай қалмауы керек. Біздің міндетіміз- әр балаға тең жағдай жасау», деді ол.

Қазан айының соңғы жексенбісі елімізде әлеуметтік сала қызметкерлерінің кәсіби мерекесі ретінде аталып өтеді. Бүгінде Шымкент қаласында әлеуметтік салада 1 913 маман еңбек етеді. Оның 1 688-і мүгедектігі бар балалар мен ересектерге, жалғызілікті қарттарға және өз-өзіне қызмет көрсете алмайтын жандарға көмек көрсетсе, 30 маман отбасы беріктігін нығайту бағытында, ал 195 маман жұмыспен қамту саласында қызмет атқарып жатыр. Қалада 13 арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы, бір санаторлық-курорттық және бір отбасын қолдау орталығы жұмыс істейді. Сонымен қатар еңбек мобильдік орталығы мен әр ауданның мансап орталықтары тұрғындарға қолдау көрсетеді екен. Сондай-ақ, 29 қазан мен 5 қараша аралығында әлеуметтік кәсіпкерлерге қайтарымсыз гранттарға өтінім қабылданады. Әр үміткер өз жобасын комиссия алдында қорғап, әлеуметтік бағдар, тиімділік пен бәсекеге қабілеттілік талаптарына сай болған жағдайда 5 миллион теңгелік грант ұтып алу мүмкіндігіне ие болады.

Сәрсен Абайұлы қала қысқы маусымға толық дайын деп отыр. Қар тазалау жұмыстары бес аудан мен Жайлы ортаны дамыту басқармасы тарапынан атқарылады. Қалада 443 магистральды көшені тазалауға 200 арнайы техника мен 2 000-ға жуық жұмысшы жұмылдырылмақ.

Бұдан кейін Алдияров көшесіндегі 73 үйге қатысты жағдайдың жай жапсары түсіндірілді. Еңбекші ауданы әкімдігінің мәліметінше, осы аумақтағы жылу жүйесіне жауапты «Нұр-Арыстан» ЖШС-не тиесілі желілерге «Строй Сити» ЖШС рұқсатсыз араласқан. Атап айтқанда, құрылыс компаниясы жылу құбырларын кесіп, қазу жұмыстарын ешқандай құжатсыз, келісімсіз жүргізген. Осыған байланысты «Нұр-Арыстан» компаниясы «Строй Сити» серіктестігін сотқа берген. Кінәлі тарап анықталған соң жеке үйлердің жүйесін қалпына келтірудегі барлық міндет сол компанияның жауапкершілігіне жүктелмек. Осы көшедегі бұрынғы №73 үйдің жағдайы да айтылды. Канализация жүйесінің жарылуы салдарынан екі қабатты 18 пәтерлі тұрғын үй апатты деп танылып, 2004–2005 жылдары толық бұзылған. Сол кезде тұрғындарға Колос және Семей шағынаудандарынан жаңа пәтерлер берілген. Ал қазір бес қабатты 25 пәтерлі жаңа тұрғын үй салу жұмыстарын жүргізіп жатқан «Строй Сити» компаниясы жобаның толық жауапкершілігін өз мойнына алған. Сонымен қатар, Қайнарбұлақ тұрғын алабында да үй астынан су шығу мәселесі тіркелген. Бұл жағдайда да тиісті мамандар тексеру жүргізіп, қажетті шаралар қабылдап жатыр.

Сондай-ақ, өткен аптада қалада барлығы 177 қылмыстық іс тіркелген. Соның ішінде 63 іс алаяқтық, 44 ұрлық, 11 есірткі айналымына, 9 жол-көлік оқиғаларына қатысты. Алаяқтықтың 43-і интернет арқылы жасалған. Мәселен, бір тұрғын «электр желісі қызметкері» деп танысқан адамға 110 мың теңге коммуналдық төлем ретінде аударып жіберген. Сол үшін Сәрсен Абайұлы тұрғындардан барынша сақ болып, күмәнді қоңыраулар мен хабарламаларға сенбеуді тағы да қадап айтты.

Жадыра МҮСІЛІМ, «Шымкент келбеті»