ШЫМКЕНТТЕ КОМЬЮНИТИ-ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

ШЫМКЕНТТЕ КОМЬЮНИТИ-ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ

Әр қалада жастардың арманын жүзеге асырып, ойларын ортаға салатын ерекше орындар қажет. Бүгін Шымкент қаласындағы «Достық үйінде» ашылған жаңа комьюнити-орталық дәл осындай орынға айналмақ. Бұрын жертөле ретінде пайдаланылған кеңістік бүгінде жастардың басын қосатын заманауи алаңға айналып отыр. Жарық жүйесі мен желдету құралдары жоғары деңгейде жасақталған, бір мезетте 200-ге жуық жасқа қызмет көрсете алатын орталық тәулік бойы, яғни 24/7 жұмыс істейді.

Бұл бастама – Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІV сессиясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүктеген тапсырманың нақты нәтижесі. Сонымен қатар, орталықтың ашылуы Қазақстан халқы Ассамблеяның 30 жылдығына орай қолға алынған игі істердің бірі болып отыр. Жоба Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен, жергілікті бюджет есебінен жүзеге асырылды. Ал ұйымдастырушы – Ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының «Қоғамдық келісім» мекемесі. Енді мұнда этномәдени бірлестіктердің мүшелері, «Ассамблея жастары» ұйымы мен қалалық ҚХА жанындағы қоғамдық құрылымдар бас қосып, ел бірлігін бекемдеуге арналған жобаларды талқылап, жүзеге асырады. Би, хор, кітап үйірмелері мен түрлі шығармашылық бағыттағы бастамаларға жол ашылған бұл орталық әр жасқа өзін табуға мүмкіндік бермек.

Ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек, Мемлекет және қоғам қайраткері, қалалық ҚХА жанындағы Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев, сондай-ақ ассамблея белсенділері қатысты. Қатысушылар әр ұлттың ұлттық мұраларынан жинақталған көрмені тамашалап, жаңа нысанның мүмкіндіктерімен танысты. Қала әкімінің орынбасары өз сөзінде орталықтың қоғамдағы рөліне тоқталып, елдің бірлігін, қазақстандық патриотизмді дәріптеуге атсалысып жүрген жастарға алғыс білдірді. Ал жиын соңында Ақсақалдар кеңесінің төрағасы Орынбай Рахманбердиев игі бастамаға ақ батасын берді.

Жиын соңында өткен дөңгелек үстел отырысына қала әкімінің орынбасары, этномәдени бірлестік өкілдері мен жастар қатысты. Олар Мемлекет басшысының соңғы Жолдауында айқындалған негізгі бағыттар мен Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясында белгіленген міндеттерді жан-жақты талқылады.

«Шымкент келбеті»