Шымкент қаласында медициналық қызметтердің қолжетімділігі артып, тұрғындарға көрсетілетін консультациялық-диагностикалық көмектің ауқымы кеңеюде. Бұл туралы ӘМСҚ-ның Шымкент қаласы бойынша филиалының директоры Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне арналған брифингте мәлімдеді.
Биыл МӘМС жүйесі аясында қала тұрғындарына 6,5 миллионға жуық консультациялық-диагностикалық қызмет көрсетілген. Оның ішінде КТ, МРТ сияқты жоғары технологиялық әрі қымбат диагностикалық зерттеулерге қолжетімділік айтарлықтай артқан. Жыл басынан бергі тоғыз айда медициналық ұйымдарда 258 мыңнан астам науқас стационарлық ем қабылдаған. Оның 30 231-і – ТМККК шеңберінде, ал 228 мыңға жуық пациент – МӘМС есебінен емделген. Күндізгі стационарларда 31 мыңға жуық адамға көмек көрсетіліпті. Амбулатория деңгейінде дәрілік қамтамасыз ету бойынша да оң өзгерістер байқалады. Биыл 155 мыңнан астам қала тұрғыны ТМККК және МӘМС шеңберінде тегін дәрі-дәрмекпен қамтылған. Препараттар диспансерлік есепте тұрған азаматтарға 83 нозология бойынша берілген. Спикердің айтуынша, медициналық сақтандыру жүйесіне толық көшу тегін дәрі-дәрмек тізімін ересектер мен балалар үшін кеңейтуге мүмкіндік беріп отыр.
– Қор тарапынан қызмет сапасына тұрақты мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде 245 мыңнан астам ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Кемшіліктердің басым бөлігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Биыл қызмет сапасына қатысты 300-ден астам арыз-шағым түссе, оның 148-і негізсіз болғандықтан пациенттердің өздері қайта қайтарып алған. Шағымдардың көбі медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуіне қатысты болған. Пациент наразылығын азайту мақсатында ішкі аудиттің жұмысын күшейту, репутациялық менеджментті дамыту және медициналық ұйымдар арасындағы бәсекелестікті арттыру бағытында жұмыстар жалғасуда. Бұл өз кезегінде көрсетілетін қызмет сапасын жақсартуға ықпал етеді, – дейді Сәуле Сансызбайқызы.
Сондай-ақ, қор жүйесі арқылы ересектер мен балаларға көрсетілетін медициналық оңалту қызметтерінің қолжетімділігі айтарлықтай артқан. Бүгінде қала тұрғындарына кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық, травматологиялық, пульмонологиялық және жалпы медициналық оңалту бағыттары бойынша 34 медициналық ұйым қызмет көрсетіп жатыр. Спикердің мәліметінше, биыл аталған ұйымдарда 320 мыңнан астам оңалту шарасы жүргізілген. Оның айтуынша, медициналық оңалту – МӘМС пакетінде ең көп сұранысқа ие әрі құны жоғары қызмет түрі болып табылады. МӘМС енгізілгеннен бері оңалтуды қаржыландыру көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Бұл азаматтардың инсульттан, жарақаттан, кардиохирургиялық операциялардан кейінгі және созылмалы аурулардан кейінгі жағдайында оңалтудан өтуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ балаларға, оның ішінде туа біткен тірек-қимыл аппараты аурулары, сал ауруы және басқа да күрделі диагноздары бар пациенттерге кең көлемді оңалту көмегі көрсетіледі. Оңалтуды қажет ететін науқастар өз емханасына жүгінуі тиіс. Тиісті көрсетілімдер болған жағдайда оңалту курсын тағайындау туралы шешімді реабилитолог немесе көпсалалы комиссия қабылдайды.
Шымкент қаласында биыл МӘМС шеңберінде 1000-ға жуық күрделі және жоғары технологиялы операция жасалды. Брифинг барысында атап өтілгендей, соңғы жылдары қаржыландыру көлемі өсіп, кардиохирургия және нейрохирургия бағыттарындағы күрделі оталар кеңінен қолжетімді бола түсті. Биылғы көрсеткіш бойынша қалада 1 жүрек трансплантациясы және 17 бүйрек алмастыру операциясы жасалған. Ал соңғы бес жылда 23 науқасқа жасанды жүрек орнатылған.
– Ағза алмастыру оталарының құны 10 млн теңгеден 77 млн теңгеге дейін баратынын ескерсек, мұндай күрделі медициналық қызметтердің МӘМС есебінен қаржыландырылуы – тұрғындар үшін зор әлеуметтік қолдау. Шымкентте медициналық ұйымдарды қаржыландыру көлемі де жыл сайын артып келеді. Қазір қалада 177 медициналық мекеме халыққа қызмет көрсетеді. Оның 34-і мемлекеттік, 143-і жекеменшік, оның ішінде 43 стоматологиялық клиника бар. Медициналық сақтандыру қоры МӘМС жүйесіне жиналған қаржыны ай сайын халыққа көрсетілген тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі (ТМККК) және МӘМС пакеті шеңберіндегі қызметтер үшін медициналық ұйымдарға аударып отырады, – дейді Сәуле Дүйсенбаева.
МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер қарапайым халық үшін медициналық көмекті қолжетімді етуге бағытталған. Келесі жылдан бастап жергілікті атқарушы органдар әлеуметтік әл-ауқат деңгейі бойынша дағдарыстық және шұғыл жағдайдағы (D және E деңгейі) санаттарына жататын азаматтар үшін МӘМС жарналарын төлейтін болады. Сонымен қатар, ресми жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтар да сақтандыру жүйесіне жергілікті бюджет есебінен қамтылады.
Шымкентте бүгінгі таңда 1 миллионнан астам адам, яғни халықтың 81,7 пайызы сақтандырылған. Оның ішінде жеңілдік санатындағы 800 мыңға жуық азаматтың жарнасын мемлекет төлеуде. 232 мың адам сақтандырылмаған. Алайда, қалада МӘМС жүйесіне қатыспайтын 55 362 осал санаттағы азаматтар бар. МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістер дәл осы топтағы азаматтарды қолдауға бағытталып отыр. Яғни, 2026 жылдан бастап әлеуметтік тұрғыдан әлсіз D және E санатындағы азаматтар медициналық көмекке жүгінген жағдайда, олардың сақтандыру жарнасын жергілікті атқарушы органдар төлейтін болады. Бұл – осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашатын жүйелік реформа. Бұл осал топқа қолдау көрсетуді күшейтіп, олардың қажетті емді уақытылы алуына жол ашады. Сонымен бірге «Saqtandyrý» ақпараттық жүйесі базасында жасанды интеллектке негізделген мониторинг енгізіліп, медициналық қызмет сапасын бақылау тәртібі түбегейлі жаңарды. Сәуле Дүйсенбаева БАҚ өкілдеріне арналған брифингте МӘМС туралы заңға енгізілген осы және өзге де маңызды өзгерістер туралы кеңінен түсіндірді.
– МӘМС туралы заңға енгізілген өзгерістерге сәйкес бұл механизм жаңа жылдан бастап ел бойынша іске қосылмақ. Бірақ желтоқсан айынан бастап пилоттық жоба ретінде Ақмола облысы мен Астана қаласында әлеуметтік тұрғыдан осал D және E санатындағы азаматтарды әкімдіктердің жарналары есебінен қамту жоспарланып отыр. Әкімдіктер жарнаны D және E санатындағы барлық адамдар үшін емес, нақты МӘМС аясында медициналық қызмет алған азаматтар үшін төлейді. Механизмді мысалмен түсіндірсек, цифрлық отбасылық карта деректері бойынша, Шымкентте бұл санатқа жоғарыда атап өткеніміздей 55 мыңан астам адам кірсе, 2026 жылдың басынан бастап оларға МӘМС шеңберінде медициналық көмек алу құқығы беріледі. Ал егер қаңтар айында олардың 5 245-іне медициналық көмек көрсетілсе, онда келесі айдан – яғни ақпаннан бастап және жыл соңына дейін жергілікті бюджеттен сол 5 245 адам үшін жарна аударылады. Дәл осындай тәртіппен наурыз айында ақпанда МӘМС бойынша медициналық көмекке жүгінген D және E санатындағы тұлғалар үшін төлем жасалады. Яғни азаматқа әуелі көмек көрсетіледі, кейін оның жарнасы төленеді, – дейді қор филиалының басшысы.
Сонымен қатар, қаладағы медициналық ұйымдарда 9 айда 258 112 науқас стационарлық жағдайда емделген. Оның ішінде 30 231 пациент тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі шеңберінде ем қабылдаса, қалған 228 мыңға жуық жағдай міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі арқылы қаржыландырылған. Ал күндізгі стационарда 31 мыңға жуық тұрғын емделген, олардың жартысынан астамына қызмет МӘМС есебінен көрсетілген. 155 мыңнан астам азамат амбулаториялық деңгейде тегін дәрілік препараттармен қамтамасыз етілген. Дәрілер диспансерлік есептегі азаматтарға 83 түрлі нозология бойынша берілген. Әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне көшу – ересектер мен 18 жасқа дейінгі балалар үшін тегін дәрілер тізімін айтарлықтай кеңейтті.
– Қор тарапынан жүргізілген мониторинг барысында 9 айда 245 мыңнан астам ақау анықталып, медициналық ұйымдарға 1,1 млрд теңге көлемінде айыппұл салынған. Ақаулардың басым көпшілігі консультациялық-диагностикалық қызмет көрсету кезінде тіркелген. Жыл басынан бері қызмет сапасына қатысты 300-ден астам шағым түскен, оның 148-і негізсіз болғандықтан, пациенттер тарапынан қайтарып алынған. Шағымдар көбіне медициналық қызмет көрсетуден бас тарту, қызмет сапасының төмендігі және дәрі-дәрмектің уақытылы берілмеуі мәселелеріне қатысты. Пациенттердің наразылығын азайту мақсатында емдеу ұйымдарында ішкі аудит жұмысы күшейтіліп, репутациялық менеджмент бағытындағы шаралар қолға алынған. Медициналық ұйымдар санының артуы мен бәсекелестіктің күшеюі қызмет сапасының жақсаруына оң әсер етіп отыр, – дейді Сәуле Сансызбайқызы.
Салтанат Жамалдинова, «Шымкент келбеті»