Бұл туралы Шымкент қаласының Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позилов Instagram парақшасындағы тікелей эфирде мәлімдеді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz
Жыл басынан бері қаладағы эпидемиялогиялық ахуал күрделене түскен. Себебі науқастар саны күн санап артып келеді. Өткен тәуліктің өзінде коронавирус жұқтырған 19 азамат анықталған. Жалпы 2021 жылдан қазіргі уақытқа дейін Шымкентте (18 қаңтар күнгі жағдай) ковид жұқтырған 214 науқас тіркелген. Оның 68-іне пневмония диагнозы қойылған.
Бақытжан Жолдасбекұлының айтуынша, жұқтырғандар санының күрт өсуіне науқастармен байланыста болған азаматтардың «үй карантинін» қатаң сақтамауы себеп.
–Өкінішке қарай, қала тұрғындарының басым көпшілігі карантин режимін бұзып, сақтық шараларына бей-жай қарайды. Қазір той-томалаққа да тоқтау болмай тұр. Мәселен, өткен аптада қалалық жұқпалы аурулар ауруханасына түскен егде жастағы қария өзінің тойға барғандығын, содан кейін денсаулығы күрт нашарлағанын жасырмай айтты. Міне, мұндай жайттар жиі кездеседі, - дейді Бақытжан Жолдасбекұлы.
Сoronavirus2020.kz сайтының мәліметтеріне сүйенсек, Қазақстанда өткен тәулікте 1003 адамнан коронавирус инфекциясы ПТР арқылы анықталды.