Шымкентте коронавирустың ықтимал толқынына дайындық жұмыстары пысықталуда

Шымкентте коронавирустың ықтимал толқынына дайындық жұмыстары пысықталуда

Бұл туралы Шымкент қаласы Денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, – деп хабарлайды shymkentaqparat.kz

Шымкент қаласында 2020 жылдың 24 наурызынан 2021 жылғы 19 қаңтарға дейінгі аралықта COVID-19 ауруының 5 733 жағдайы тіркелді (2921 - симптомды, 2812 - симптомсыз). Емделіп шыққандар саны – 5 347, қайтыс болғандар - 81.

Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, бүгінгі күні қалада 1 060 төсек-орын бар (жұқпалы - 560, карантин - 500), оның 846-ы бос. Жұқпалы және карантиндік ауруханаларда 214 науқас ем қабылдауда немесе толымдылығы 20% құрайды (оның ішінде КВИ - 64, ЖРВИ - 123, пневмония - 27, карантиндік - 0). Өткен тәуліктің өзінде қалада COVID-19 инфекциясын жұқтырған 7 жағдай тіркелді.

Айта кету керек, қазіргі кезде Шымкент қауіпті індеттің ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайын. «А» сценарийі бойынша 1220 төсек-орын әзірленген. «В» сценарийі бойынша маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын саны 4 016-ға дейін артады. Ал «С» сценарийі бойынша эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орын ашылады.

Бұл ретте, медицина мамандары қала тұрғындарына қатерлі індеттің әлі де қауіп төндіріп тұрғанын ескертеді. Сақтық шараларына салғырт қарамай, адамдар көп шоғырланатын орындардан аулақ болуын, қоғамдық көліктерде, дүкендер мен қоғамдық тағамдану орындарында бетперде тағып жүруге шақырады.