Шымкент қаласы әкімдігі жанындағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі комиссияның бірінші отырысы өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat
Қала әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қатысуымен өткен жиында комиссия құрамы нақтыланып, жұмыс жоспары бекітілді. Оның қатарында басқарма басшылары, ғалымдар, тарихшылар және қоғам белсенділері бар. Алдағы уақытта арнайы жұмысшы топ құрылып, архивтер мен жергілікті мұрағаттар зерттелетін болды.
–Тәуелсіздік жылдарынан бастап, саяси-қуғын сүргін құрбандарын ақтау шаралары жүргізілді. Бірақ бүгінге дейін ақталмаған құрбандар туралы статистика әлі де нақтылауды қажет етеді. Әлі де ашылмаған озбырлықтың зардабы көп болуы мүмкін. Боздақтарды ақтап алуға барлығыңыздың жауапкершілікпен қарауларыңызды сұраймын, - деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Отырыста ұсыныстар мен ой-пікірлер айтылды. Комиссия құрамы қала тұрғындарына хабарландыру жариялайды. Зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшырап, ақталмаған туыстары бар жандардың Шымкент қаласы әкімдігіне хабарласуына болады.
–Біздің қолымыздағы деректерде зардап шеккен боздақтардың сырт қалып кетуі мүмкін. Егемен ел болғанымызбен, Қазақ елінің тарихы толыққанды жарияланған жоқ. ТМД елдерінде Украина мен Қазақстаннан басқа зардап шеккен ел жоқ. Шындықты айтатын уақыт келді,- деді Мемлекет және қоғам қайраткері Шалатай Мырзахметов.
Айта кетейік, мұндай комиссия республиканың барлық аумағында құрылуда.