Шымкентте «Әлем балалармен әдемі» атты игі шара өтті

Шымкентте «Әлем балалармен әдемі» атты игі шара өтті

Бүгін «Арбат» алаңында «1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай «Әлем балалармен әдемі» атты іс-шара өтті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Думанды жиынды «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы мен Мәдениет, тілдерді дамыту және архифтер басқармасы бірлесе ұйымдастырып отыр.

Бүлдіршіндерге арналған игі шарада «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Жанар Бектаева балғындарды мерекемен құттықтап, өскелең ұрпақтың мемлекет болашағын қалыптастырудағы маңыздылығына айрықша тоқталды.

– Шымкентте қазір 526 балабақша мен 186 мектеп жұмыс істейді. Алдағы бес жылдың ішінде қаламызда 72 мектептің құрылысы жүргізіледі. Бұл 3 ауысымды мектептердің санын азайтып, балалардың сапалы білім алуына мүмкіндік бермек. Балдырғандарымыздың дені сау, армандары асқақ, пайым-парасаты биік тұлға болып қалыптаса беруіне «Nur Otan» партиясы әрдайым қолдау білдіреді, - деді Жанар Әлібекқызы.

Думанды шара барысында балаларға тәттілер үлестіріліп, сыйлықтар тарту етілді. Сондай-ақ, қуыршақтар театры арнайы сахналық қойылымдар қою арқылы балдырғандарға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.