Шымкентте әлеуметтік сала қызметкерлері соғыс ардагерін 95 жасқа толуымен құттықтады

Шымкентте әлеуметтік сала қызметкерлері соғыс ардагерін 95 жасқа толуымен құттықтады

Шымкент қаласындағы «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ-нің қызметкерлері 95 жасқа толған Ұлы Отан соғысының ардагері Василий Трункинге құрмет көрсетті, деп хабарлайды Shymkentaqparat

Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты мекеме директоры Замира Әбілдаева мен әлеуметтік сала мамандары қарияның төл мерекесіне орай үйіне барып, сый-сияпаттарын табыстады. Қызметкерлер құттықтау тілектерін жеткізіп, соғыс ардагерінің ыстық ықыласына бөленді. Айта кетейік, ардагерді құттықтау барысында карантин режиміне байланысты барлық сақтық шаралары қатаң сақталды.

Трункин Василий Андреевич 1926 жылы Мордова АСССР-ында Темник қаласында дүниеге келген. 1943 жылы әскер қатарына шақырылып, майдан жолын 1945 жылы Пруссияда аяқтайды. Ардагер «Қызыл ту» орденімен, «Жауынгерлік қызметі үшін» медалімен марапатталған. 2011 жылдан бері Шымкент қаласының «Халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін қалалық аумақтық орталығы» КММ-де арнаулы әлеуметтік қызмет түрлерін алады. Әлеуметтік қызметкерлер қарияға арнаулы әлеуметтік көмек көрсетіп, үй жайын жинастырып, дүкеннен азық түліктері мен қажетті заттарын, дәріханадан дәрі -дәрмектерін жеткізіп отырады. Сонымен қатар, коммуналдық төлемақыларын төлеп береді. Әсіресе денсаулығына көп көңіл бөлінеді. Мамандар қажетті жағдайда алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді.

Аталмыш мекеме үйде қызмет көрсету және жартылай стационар бөлімі ретінде қызмет көрсетеді. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен егде жасына байланысты өзіне қызмет көрсетуге мүмкіндігі жоқ азаматтар тұрмыстық, медициналық, психологиялық, педагогикалық, еңбектік, мәдени, экономикалық және құқықтық қызмет түрлерімен қамтылуда. Былтыр жалпы саны 743 қызмет алушыға көмек көрсетілген. Оның ішінде 407 жалғыз ілікті қария бар.